Атырауда алаяқ зейнеткерді алдап, ірі көлемде қаражатын иемденген. Қария оны белгісіз адамға өз қолымен табыстап жіберген. Оқиға 29 мамырда болған.
Белгісіз тұлға қарияға қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, оның қызыңыз жол-көлік оқиғасына кінәлі деп сендірген.
Жағдайды "реттеу" үшін ірі көлемде ақша талап етіп, арнайы курьер жіберілетінін айтқан. Қария қорқыныш пен уайымға ерік беріп, үйіне келген бейтаныс адамға 6 млн теңге ақшаны табыстап жіберген.
Арада 10 күн өткен соң, жәбірленуші полицияға жүгініп, оқиға бойынша шағымданған.
Атырау облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы дереу жедел-іздестіру шарасына кірісіп, нәтижесінде курьер ретінде әрекет еткен 31 жастағы ер адам анықталып, ұсталды.
Оның қосымшалардың бірі арқылы курьерлік қызмет көрсететіні анықталып, тапсырысты басқа адамға жеткізгенін айтты. Сөйтіп, полиция қызметкерлері ақшаны иемденген күдіктіні анықтады.
Қызылқоға ауданының 25 жастағы тұрғынын қолға түсті. Ол кінәсін толық мойындап, оған қатысты сот үкімімен 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.