Айтыскер ақын, кәсіпкер Сара Тоқтамыс айтыстан қалай қол үзгені туралы баяндап берді. Өнер иесі бұл туралы журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«7 жыл бұрын Қарағандыда үлкен айтыс өтті. Сол кезде Жүрсін аға екеуміздің арамызда кикілжіңдер болғаны рас. Қазір ойлап қарасам өнердегі әкеме еркелігім болған екен. Ол кісі толық мән-жайды білмеуі де мүмкін, бір бағдарламада сұхбатында «Сара жүлде алмадым деп ренжіп кетіп қалды» деп айтыпты.
Айтыста финалға шыққан Жансая Мусина екеуміздің балымыз бірдей болды. Менде «финалға шықпайтын шығармын деген ой болды», бірақ Жүрсін аға қасымызға келіп, «Жансая сен финалға шығасың, дайындала бер, Сара, сен барып көйлегіңді ауыстыра бер, шықпайсың» дегенде тамағыма өксік тығылып, көзіме жас келіп қалды. Бұрын ондай сөзін естімегенмін. Содан кейін сахнада тұрмыз, ол кісі ренжігенімді біліп тұр «Сара келесі Кейкі батырдың айтысына дайындал» деді. Оның алдында да айтыстан шеттетіліп жүргенмін. «Жүрсін аға, мені енді айтысқа шақырмай-ақ қойыңыз, мен енді қойдым» дедім де, гримерныйға барып жарты сағат жыладым», — деді ол.
Содан кейін Сара Тоқтамыс айтысты қойып, кәсіпкерлікке бет бұрған. Бірақ 7 жылдан кейін Қызылордада өткен айтысқа қатысып, Жүрсін Ерманға жыр арнаған.
«Сол жерде Жүрсін аға отырса, алдына барып, жақсылап өнер көрсетіп өкпе-реніштің жоғын көрсеткім келген. Бірақ ол кісі келе алмай қалды. Сонда да оған өлең арнап, айтқан соң, арқамнан жүк түскендей болды. Айтыстың алдында, бір жылдай бұрын Жүрсін аға қатты ауырып қалды. Жолдасым екеуміз хал-жағдайын білуге бардық. Ол «Айтысқа неге қатыспайсың, мен сені қуған жоқпын, сол жерде төбе көрсетіп жүретін адамсыңдар ғой», мен «сіздің денсаулығыңызды білуге ғана келдім, бастысы аман жүріңіз дедім». Арамызда осы диалог қана болды», — дейді Сара Тоқтамыс.