2025 жылғы шілдеде Талдықорғанда тарихи оқиға тіркелді — бес мыңнан астам домбырашы аңызға айналған "Балбырауын" күйін бір мезетте орындап, әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, "Балбырауын" күйінің жаппай орындалуы — Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған адамның басын қосқан республикалық мәдени жобаның шарықтау шегіне айналды. Шараға мектеп оқушылары, кәсіби домбырашылар, әуесқойлар да — жасына да, кәсібіне де қарамастан қатысты.
Ұйымдастырушылар алдын ала онлайн және офлайн түрде дайындық өткізіп, әрбір қатысушының шығарманы меңгеруіне мүмкіндік жасады. Шара күні бес мыңнан астам адам бір алаңға жиналып, дирижёрдің жетекшілігімен күйді бір ырғақпен, бір тыныспен орындады. Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері бұл сәтті "Адамзат тарихындағы ең ауқымды домбырамен күй орындау" ретінде тіркеді.
"Бұл жетістік — халықаралық мойындаудан бөлек, дәстүрлі өнердің қазіргі қоғамда да өз орнын таба алатынын көрсеткен маңызды оқиға болды. Күй — тек өткеннің сарқыты емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегінен орын алған өміршең өнер", — делінген хабарламада.
Флешмобтан кейін жастар арасында домбыра үйренуге деген қызығушылық күрт артқаны атап өтілді. Репетициядан және шарадан түсірілген бейнематериалдар әлеуметтік желілерде кең тарап, көпшіліктің назарын аударды.
"Бүгінгі таңда бізде қазақ мәдениеті мен төл өнерімізді әлемге паш етіп, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мол мүмкіндік бар. Ғаламдану жағдайында мұндай рухани тіректердің маңызы зор. Ал домбыра — сол берік тіректердің бірі", — дейді шара ұйымдастырушылары.
Шетелдік ақпарат құралдарының қызығушылығы мен жаңалықтың кеңінен таралуының арқасында қазақтың домбырасы туралы бүкіл дүние білді.