Арман Жаркеев Қазақстан қазіргі бессайыс федерациясының жаңа президенті болып сайланды, деп хабарлайды Zakon.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада Қазақстан қазіргі бессайыс федерациясының жиыны өтті. Іс-шараға Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, федерацияның вице-президенті Юрий Соловьев, атқарушы директоры Замир Ихсанғалиев, бас хатшы Леонид Зимарев және өңірлік филиал басшылары қатысты.
Жиынның күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Соның ішінде ең негізгісі – федерация президентін сайлау. Жиынға қатысушылар, облыстық федерация басшылары мен спорт қауымдастығының өкілдері президенттікке ұсынылған Арман Жаркеевтің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Министрлік өз тарапынан федерация бастамаларын, спорттық инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар даярлауға және отандық спортшылардың ірі халықаралық жарыстарға қатысуына бағытталған жұмыстарды жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізді.