Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға қатысты сот аяқталуға жақын. 15 шілдеде прокурор күдікті Машрапбек Баратовқа 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Мемлекеттік айыптаушы Баратовтың 7 наурыздан бері қамауда болған уақытын жалпы жаза мерзіміне қосуды сұрады. Айыпталушының кінәсін мойындауы жеңілдететін жағдай ретінде есептелді. Ауырлататын жағдайлар жоқ дейді.
Ал күдіктінің адвокаты ер адамды қылмысты жасаған сәтте күйзелісте жүрген дейді. Баратов әуежай қызметкерін қасақана кепілге алмады және ешқандай арам ойы болмады деп ақтап бағуда.
"Қорғауымдағы Баратов бәрін ашу үстінде жасады, онысына шын өкінеді, кінәсін мойындайды", — дейді адвокаты.
Машрапбек Баратовқа үш бап бойынша айып тағылған. Кепілге алу, қару қолдана отырып бұзақылық жасау және терроризм туралы жалған хабар беру баптары бойынша жауапқа тартылды.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Еске салайық, наурыз айында ер адам Алматы әуежайында қызметкер қызды кепілге алып, оған пышақ кезеген болатын. Ал Мұса Әбдірайым есімді азамат қызды құтқарып, кепілге өзін ұсынады. Кейін қаскөйді сөзге айналдырып, қолындағы пышағын тартып алған болатын. Ал Мұса Әбдірайым аталған іс бойынша жәбірленуші болудан бас тартты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз