Күнделікті кешкі астың өзі шайдан бастап көкөніске дейін көбіне шеттен келген тауарлардан тұрады. Билік те мұны мойындап отыр. Отандық өнім дүкен сөрелеріне жетуі әлі де ашық емес, жүйе түсініксіз.

Қазақстан импортқа тәуелді. Отандық өнім әлі күнге дейін халықтың дастарқанына жетпей келеді, Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

Atameken Businnes жазуынша, дүкен сөрелерінде әлі күнге дейін шетелден әкелінген азық-түлік үстем. Күнделікті кешкі астың өзі шайдан бастап көкөніске дейін көбіне шеттен келген тауарлардан тұрады. Билік те мұны мойындап отыр. Отандық өнім дүкен сөрелеріне жетуі әлі де ашық емес, жүйе түсініксіз. Ал өндірушілер мемлекеттен келетін көмектің нақты пайдасын көрмей отыр, сарапшылар болса ауыл шаруашылығында ескірген тәсілдерден арылу қажет екенін айтады.

«Made in KZ» жоқтың қасы

Energyprom.kz сарапшыларының дерегінше, Қазақстанда азық-түліктің 14 негізгі түрінде импорт басым. Мәселен, шай, кофе мен қанттың 80 пайызы шетелден, тәтті өнімдер — 66 пайыз, ал қарапайым макарон мен тауық етінен жасалған кешкі астың төрттен бірі де отандық емес. Тіпті салат дайындауға қажетті көкөністер де шет елден келеді. Халық түсінбей әлек. Ауыл шаруашылығына қолайлы, табиғаты бай бар ел бола тұра, неге әлі күнге дейін азық-түлікті сырттан сатып аламыз?

Фермерлер қауымдастығы бұл мәселенің басты себебін атады. Айтуларынша, отандық өнімнің өзіндік құны тым жоғары. Ресей мен Беларусь елдерінде ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көп, техника мен тұқым арзан. Қазақстанда бәрі керісінше, техника, тұқым, тыңайтқыш шетелден алынады. Нәтижесінде өнім қымбатқа түседі де, бәсекеге шыдай алмайды. Бұған бөлек, елімізде өңдеу саласы әлсіз, қойма жетіспейді, логистика ақсап тұр. Мысалы, ресейлік сүт Қазақстанда сатылатын отандық сүттен 15 пайызға арзан. Фермерлердің пікірінше, егер мемлекет өнім көлемінің кемінде 10 пайызы көлемінде субсидия берсе, жағдай өзгерер еді.

«Биыл субсидияға 450 миллиард теңге бөлінді. Бірақ бұл қаржы фермерлерге жетпей қалды, бюджет мерзімінен бұрын таусылды. Егер өндіріс көлемі артса, өнімнің өзіндік құны төмендейді, баға да түседі. Сол кезде отандық өнім қолжетімді болып, халық өзіміздің тауарды таңдай бастайды», — дейді ҚР Фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленов.

Билік азық-түлік нарығындағы әділеттілікке қол жеткізуді көздейді. Қолданыстағы ережеге сай, дүкен сөрелерінде қазақстандық өнім кемінде 30 пайыз болуға тиіс, ал мемлекеттік қолдау алатын сауда желілерінде 50 пайызға жетеді. Алайда іс жүзінде жергілікті өндірушілердің сөреге шығуына кедергі көп. Жарты жылдың ішінде бұл бағытта 2 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелген. Енді арнайы цифрлық жүйе іске қосылып, қай тауар қайдан келгенін нақты көрсетіп отырады.

«Сөреге қолжетімділік тең әрі ашық болуға тиіс. Сауда желілерін барлық талаптарды сақтауға шақырамыз. Сөре бұл таңдау алаңы. Егер отандық өнім көзге көрінбейтін жерде немесе мүлде болмаса, бұл жай ғана маркетинг емес, нағыз заңбұзушылық. Біз осы талаптардың орындалуына ерекше назар аударамыз», — дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.

Мәселе тек мемлекетте емес

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік бастамалар маңызды, десе де басты қозғаушы күш — өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын өндірушінің өзі. Себебі бүгінде халық шетелдік өнімді тек бағасы арзан болғандықтан ғана емес, сонымен қатар оның қаптамасы мен жарнамасы тартымды болғандықтан таңдайды. Ал қазақстандық фермерлердің көбі ескі тәсілмен жұмыс істеуді жалғастырып отыр.

Агроөнеркәсіпке жаңаша көзқарас қажет. Тамшылатып суару, автоматтандырылған техника, ресурсты үнемді пайдалану, заманауи агротехнологиялар. Міне, осының бәрі өнімділікті арттырып, ауа райына тәуелділікті азайтады.

«Ауыл шаруашылығы арқылы біз инфляцияны төмендете аламыз. Себебі халықтың басым бөлігі табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды. Егер ауыл шаруашылығы тиімді жұмыс істесе, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция келеді, ал инфляция мен азық-түлік бағасы төмендейді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі үшін де маңызды», — дейді R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.

Жасанды интеллект қалай көмектесе алады?

Шенеуніктердің болжамынша, алдағы үш жылда Қазақстан азық-түлік артықшылығына шығады. Бұл мақсатқа жылдамырақ жету үшін енді жасанды интеллект көмегі пайдаланылады. Қазір өнімнің егістен сөреге дейінгі жолын бақылайтын цифрлық жүйе әзірленіп жатыр. Бұл жүйе нақты қандай өнім, қай жерде, қанша көлемде тұтынылып жатқанын көрсетіп отырады. Жаңа платформа келесі жылы іске қосылады деп күтілуде.

Яғни, Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ететін елге айналу үшін жаңа деңгейге шығуы керек. Бұл үшін тек мемлекет емес, өндіруші де өзгеруі тиіс: технологияны меңгеріп, ойды өзгертпей, импорттан құтылу мүмкін емес. Халық өз өнімін таңдайтын күнге жету үшін сөреге де, санаға да әділдік орнауы қажет.