Жетісу облысында жалған ақпарат таратты деген айыппен жергілікті блогер сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жергілікті блогерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сотта 2025 жылғы 31 мамырда блогер Instagram-дағы Krisp.tdk парақшасында азаматша К.А-ның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға алып келетін жалған ақпаратты жариялағаны анықталды.
"Жарияланған жазбада келтірілген мәліметтер заңды тәртіппен расталмаған. Бұл ақпаратК.А-ның құқықтарына қайшы келетіні іс материалдарымен және әлеуметтік желідегі скриншоттармен дәлелденді". Талдықорған қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Блогер өз кінәсін мойындаған жоқ.
"Сот қаулысымен К. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 117 960 (жүз он жеті мың тоғыз жүз алпыс) теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды", делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін бір блогер екі оқырманынан айырылғаны үшін күйеуінің үстінен сотқа арызданғанын жазғанбыз.