Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 16 шілдеде Дамаск қаласының орталығындағы Сирия қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері орналасқан ғимаратқа әуеден шабуыл жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Израиль әскерінің Telegram-дағы арнасында жарияланған ақпаратта айтылады.

"Біраз уақыт бұрын Израиль қорғаныс армиясы Дамаск аймағындағы Сирия режимінің әскери штаб пәтері ғимаратының кіре берісіне әуеден соққы берді", деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

Салдарынан бір адам қаза тауып, 18 адам зардап шекті, деп хабарлады Сирия денсаулық сақтау министрлігі.

Шабуыл аймақтағы шиеленістің артуы аясында жасалды. Бұған дейін Израиль Сириямен шекараға қосымша бөлімшелер сарбаздары тасталатынын хабалаған болатын. Сонымен бірге Сирия билігі де друздық құрылымдар мен бедуин тайпалары арасындағы қақтығыстар болып жатқан Эс-Сувейда провинциясына әскер жіберетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Иран президенті Израильдің Тегеранға әуеден жасаған соққысы кезінде аяғынан жарақат алғаны хабарланған болатын.