Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің археологтары мен студенттері сақ дәуіріне тиесілі сирек кездесетін екі қола пышақ тапты. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Құнды жәдігерлер Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғанында жүргізіліп жатқан жазғы далалық тәжірибе кезінде табылған.

"Биыл біз "Торайғыр-6" атты белгілі ескерткіште қазба жұмыстарын жүргізіп, тас төбенің шыңын зерттедік. Нәтижесінде "Торайғыр-7" жаңа қорған анықталды. Екі қорғанды қазу барысында біз сақ дәуірінің ерте кезеңіне жататын қола пышақтарды таптық", — дейді Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің археологиялық қорларының бас сақтаушысы Елена Тушева.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл Павлодар облысында табылған ең көне қола бұйымдардың бірі.

"Пышақтар ежелгі технология әдісі арқылы қоладан құйылған. Бірақ стилистикалық жағынан ерте темір дәуіріне жатады. Бұл аймақта дамыған металлургиялық технологиялар мен тұрақты мәдени байланыстардың болғанын растайды", — деді Елена Тушева.

Сондай-ақ археологтар бұл жерден Тасмола мәдениеті өкілдерінің қалдықтарын тапқан.

"Қаңқа-сүйектер жақсы сақталған. Бұл жыныс, жас және антропологиялық сипаттамаларды анықтауға мүмкіндік берді. Ал төменгі қабатты тазартқан кезде біз көне Андронов мәдениетіне жататын қабірлерге тап болдық", — дейді "Тарих" бағдарламасының студенті Ангелина Грищенко.

Айта кетейік, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Баянауыл аймағында 10 жылдан астам уақыт бойы зерттеулер жүргізіп келеді. Бүгінде оқу ордасы Баянауылдағы негізгі археологиялық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі (@gylym_jogarybilim)

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз