Бүгін, 2025 жылғы 18 шілдеде, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Zakon.kz сайтына постоматтар қалай жұмыс істейтінін, бұл қандай қызмет екенін және дайын құжаттарды өзіңізге ыңғайлы уақытта қалай алуға болатынын түсіндірді.

Постомат дегеніміз не?

Постомат – бұл дайын құжаттарды сақтауға және беруге арналған автоматтандырылған құрылғы. Құрылғыда арнайы ұяшықтар болады. Постоматтар “24/7 аймағы” бар ХҚКО-ларда орнатылған, яғни құжатты аптаның кез келген күні, тәуліктің кез келген уақытында алуға болады.

Постомат арқылы берілетін 19 мемлекеттік қызмет:

1. Туу туралы куәлікті қайта беру

2. Неке қию туралы куәлікті қайта беру

3. Некені бұзу туралы куәлікті қайта беру

4. Қайтыс болу туралы куәлікті қайта беру

5. Туу туралы архивтік анықтама беру

6. Неке қию туралы архивтік анықтама беру

7. Некені бұзу туралы архивтік анықтама беру

8. Қайтыс болу туралы архивтік анықтама беру

9. Некені бұзуды тіркеу

10. Бала тууын тіркеу (АКТ жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізу және түзету)

11. Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорттың телнұсқасын беру

12. Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу

13. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасы

14. Әділет органдары, АХАТ және нотариустар берген ресми құжаттарға апостиль қою

15. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың телнұсқасын беру

16. Негізгі орта, жалпы орта білім туралы құжаттардың телнұсқасын беру

17. Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорттың телнұсқасын беру

18. АХАТ жазбаларын қалпына келтіру

19. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттардың телнұсқасын беру

Қалай қолдануға болады?

Мемлекеттік қызметке өтініш берген кезде ХҚКО маманына құжатты постомат арқылы алғыңыз келетінін айтыңыз.

Одан кейін келесі қадамдарды орындаңыз:

1. Сізге SMS хабарлама келеді — постоматтың мекенжайы, 6 таңбалы код және құжатты алу мерзімі көрсетіледі.

2. Постомат экранына кодты енгізіңіз.

3. Биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз (мысалы, бет-әлпет арқылы).

4. Құжатыңызды ұяшықтан алыңыз.

5. Ұяшықты жабыңыз.

Ескеретін маңызды жайттар

• Қызмет тек “24/7 аймағы” бар ХҚКО-ларда қолжетімді.

• Құжаттар постоматта бар болғаны 3 күн сақталады.

• Егер үш күн ішінде алып үлгермесеңіз, құжат өтініш берген ХҚКО-ға қайтарылады.

Бұл сервис азаматтарға ыңғайлы, уақытты үнемдейді және құжат алу процесін жеңілдетеді.