17 шілдеде дәрігерге шабуыл жасағаны үшін ұсталған ер адам екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қостанай облыстық прокуратурасы ұсынған мәліметке сәйкес, сот дәрігерге шабуыл жасаған күдіктіні қамауға алуға санкция берді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция дерегінше, оның ісі Қылмыстық кодекстің 106-бабы – "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" дерегі бойынша қаралады.
Тергеу жалғасып жатыр, барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Қостанай облыстық ауруханасының хирургіне шабуыл жасалып, салдарынан ол жансақтау бөліміне түскен болатын.
Оқиға облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде болған. Дәрігер күрделі отадан шығып, бөлмеге кіре берген сәтте кезегін күткісі келмеген ер кісінің соққысына тап болды. Куәгерлердің айтуынша, ашуға булыққан азамат бірден жұдырық ала жүгіріп, дәрігерді есінен тандырған.
"Емделуші кезекте үшінші болып тұрған. Алайда дәрігердің кабинетке кіргенін байқап, ішке баса-көктеп кіріп, ештеңе түсіндірместен соққы жасаған. Бейнебақылау орнатылмағанымен, куә болғандар бар", — деді Қостанай облыстық ауруханасының баспасөз хатшысы Ксения Барабанова.
Шабуыл салдарынан дәрігер жабық бас-ми жарақатын алған. Сараптама нәтижесі ер кісінің миына қан құйылғанын, желке сүйегінің сынғанын көрсетіпті. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Хирург санавиациямен елордаға жеткізілді.
Дәрігерге жасалған шабуылдан кейін Қостанай ауруханаларына күзет қойылатын болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз