Әзербайжан билігі Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатына қатысты Ресей тарапынан жауап ала алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев III Шуша жаһандық медиафорумының қатысушыларымен кездесуде айтты, деп жазады Report.
"Өкінішке қарай, апатқа қатысты Ресейдің ресми өкілдерінен ешқандай жауап алған жоқпыз, ал бұл оқиға болғанына жеті ай өтті. Біздің сұраныстарымыз бен талаптарымыз – өте орынды: бұл апатты мойындау, ұшақты атып түсіргендерді жазалау, қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына және AZAL әуе компаниясына – ұшақ шығыны үшін өтемақы төлеу", — деді Әлиев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Әзербайжанның бас прокуроры Ресейдің Тергеу комитетінің басшысына үнемі хаттар жолдап отырады, алайда бір ғана жауап келеді – "тергеу жалғасып жатыр".
"Біз Ресей жағына бұл жағдай бойынша халықаралық соттарға шағымдану үшін құжаттар дайындап жатқанымызды хабарладық. Бұл біраз уақыт алуы мүмкін екенін түсінеміз", – деп толықтырды ол.
2024 жылғы 25 желтоқсан күні таңертең Баку — Грозный бағытындағы Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer 190 жолаушылар ұшағы Ақтауға жақын маңда апатқа ұшыраған. Әуе компаниясының мәліметінше, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. 29 адам тірі қалған.