"Бағанашыл" балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейді. Жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді.

""Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Аталған жағдайға байланысты Президент әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады", — делінген Ақорданың баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Айта кетейік, желіде балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқаны туралы видео тарады. Балаларды полиция қызметкерлерінің көмегімен көшірмек болған.

Бұл кадрлар бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саинның ашуын туғызған. Ол балаларды олардың келісімінсіз және олардың пікірімен санаспай көшіру құқықтарын бұзу деп атады.

"Бұл жағдай енді жеке мәселе емес және мемлекеттің дереу араласуын талап ететін қоғамдық трагедияға айналып барады", — деді Аружан Саин.

Еске сала кетейік, балалар үйінің көшірілетіні биыл наурыз айында белгілі болды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз