Қорғаныс министрлігінің бастамасымен қолданыстағы заң нормалары жауынгерлік оқуда жақсы нәтиже көрсеткен мерзімді қызмет сарбаздарына мемлекеттік грант бойынша жоғары білім алуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 сарбаз еліміздің жоғары білім ордаларында оқуға мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері атанды.
Сондай жандардың бірі қатардағы жауынгер Жанболат Еспен болды. Армияға дейін ол жергілікті әскери басқару органдарының бірінде инспектор болып жұмыс істеді. ЖОО-ға ҰБТ балдарын есепке алмай және жақсы мінездеме арқылы түсу мүмкіндігі туралы білген Жанболат грантқа оқуға түсем, жоғары білім алам деп алдына мақсат қойды.
Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде борышын өтеген ол өзін жақсы жағынан көрсетті, жүктелген міндеттерін адал орындады, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық бағдарламасын сәтті игерді. Оның мақсатқа ұмтылысы мен жауапкершілігін командирлері де байқады.
12 ай әскери борышын өтегеннен соң былтыр көктемде әскерге шақырылған үздік әскери қызметшілердің қатарында Жанболат Еспен де мемлекеттік грантқа ие болды. Анасы Сәрсембаева Гүлжаухар оны мақтан тұтады. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары майор Ердәулет Темірбаев та жерлесі үшін қуанышты екенін айтты.
– Ол армия тек өмір мектебі ғана емес, сонымен қатар табысты кәсіби мансап құрудың негізі бола алатындығының айқын көрсетті, – деді Е. Темірбаев.
Жанболат Еспен туған жері Шымкентке оралып, құжаттарды рәсімдеп, Мирас университетінде оқуға дайындалып жатыр. Запасқа шығарылғаннан кейін ол қызмет туралы алған әсерін бөлісіп, өзінің грантқа түссем деген арманының қалай орындалғанын айту үшін Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарының өзі істеген қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқармасына барды. Жанболаттың бұл ісі Шымкент жастарын саналы таңдау жасауға және қызметті адал атқаруға үлгі боларлық.