Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Фариза Фазыл беделді The New York Times басылымы жариялаған Open Letter Contest халықаралық байқауында 10 жеңімпаздың бірі атанды. Фариза өзінің ашық хатында қазақ қыздарына есім қою дәстүрі туралы жазған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Назарбаев мектептерінің ресми сайтының хабарлауынша, биыл байқауға әлемнің әр түкпірінен он мыңға жуық адам қатысып, солардың ішінен тек 10 қатысушының ғана хаты әлемге танымал басылымда жариялану мүмкіндігіне ие болды.
Фариза өзінің ашық хатында қазақ қыздарының есімдеріне байланысты дәстүрлер тақырыбын қозғаған. Бұл ой оған үлкендердің әңгімелері мен достарының тәжірибесі, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен медиадағы пікірталастардан кейін келген. Өз басынан мұндай жағдай өтпесе де, Фариза бұл мәселені жүрекпен қабылдап, ішкі толғанысын көркем әрі терең жеткізе білгені үшін қазылар алқасының назарын аударған.
"Бұрынғы жеңімпаздардың хаттарын оқып шыққан соң, мен де өзіме маңызды тақырыпты қағаз бетіне түсіргім келді. Қыз балаға қойылатын есім – жай ғана таңдау емес, оның өмір жолына әсер ететін дәстүрдің көрінісі екені ойландырды", — дейді Фариза.
Байқау шарты бойынша қатысушылар эссені ашық хат жанрында жазуға тиіс болған. Бұл формат – нақты бір аудиторияға үндеу жолдай отырып, бүкіл қоғам үшін маңызды тақырыпты қозғауға мүмкіндік береді. Міндетті шарттардың бірі – хат тек ақпарат беріп қана қоймай, оқырманды әрекет етуге немесе ойлануға итермелеуі керек.
Айта кетейік, Фариза халықаралық деңгейдегі білім байқауларында бұған дейін де жетістіктерге жеткен. 2025 жылы Infomatrix Asia сайысында екінші орын иеленсе, Technovation Girls жобасында Қазақстан атынан жартылай финалист атанған.
Гуманитарлық бағыттағы жетістіктеріне қарамастан, Фариза болашағын ғылыммен байланыстырады, нақтырақ айтқанда – биомедициналық инженериямен.
"Мақала, эссе жазған маған ұнайды. Бұл – шынайы толғандырған тақырып туралы еркін ой айту мүмкіндігі. Бірақ болашақта мен ғылым арқылы нақты өзгеріс жасағым келеді", — дейді Фариза.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз