Алматы облысында "Алматыгазсервис-Холдинг" АҚ-ның қаржысын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды. Аталған акционерлік қоғам өңірге табиғи газ жеткізумен айналысады, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Тергеу материалдарына сай компания қызметкерлері есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан қолма-қол ақша жинаумен айналысқан. Жиналған қаражатты олар материалдық жауапты тұлғаларға тапсырған.
Алайда аталған жауапты тұлғалар жиналған қаражатты заңды түрде өткізудің орнына өз пайдаларына жаратып, төлем туралы ақпаратты SymphonyGAS жүйесінде жасырып келген.
Осылайша, компанияның директоры, оның орынбасары, аға оператор және аға бақылаушыдан тұратын тұлғалар тобы 2 жыл ішінде тұтынушылар төлеген 168 млн теңгені иемденген", — делінген хабарламада.
Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 165 млн теңге болатын мүлкіне (тұрғын үй, пәтер және автокөлік) тыйым салынған.
"Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз