Алматы тұрғындары желіде Алматы тауларында болған өрттің видеоларын жариялап жатыр. Қалалық ТЖД шөп өртеніп жатқанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Алматы маңындағы таулы аймақтан өрт шықты. Тұрғындар желіде өрт кадрларын жариялай бастады. Кадрлардан қою түтін шығып жатқанын көруге болады.

Алматы ТЖД өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне пікір білдіріп, алдын ала ақпараттан хабардар етті. Алматы облысының өрт сөндірушілері және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері Қарасай ауданы Қырғауылды ауылындағы өртті сөндіріп жатыр. Облыстық ТЖД өкілдері бүгін Алматы облысы Қарасай ауданындағы Райымбек ауылдық округінде орналасқан бағбандық кооператив аумағындағы таулы аймақта құрғақ шөптің өртке оранғаны туралы 112 пультіне хабарлама келіп түскенін мәлім етті.

"Оқиға орнына келіп жеткен кезде ашық таулы аймақта құрғақ шөптің өртке оранғаны анықталды. Алдын ала дерек бойынша, 7-8 гектар жер өртке оранған", — делінген хабарламада.

Өрт сөндіруге Алматы облысы мен Алматы ТЖД-ның 70 қызметкері және 9 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы жұмысшылары қатысып жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз