Апат кезінде екі жолаушы көз жұмды.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы UFC спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлының жағдайы туралы хабарлады.

"Рахмоновтар жабық бас-сүйек ми жарақатын алып, миы зақымданған деген алдын ала диагнозбен травматология бөліміне жатқызылды", – делінген хабарламада.

Еске салайық, Қазақстандық UFC жекпе-жекшісі Шавкат Рахмоновтың жұбайы ауыр жол апатына ұшырап, салдарынан екі адам қаза тапты. Оқиға 27 шілде күні таңертең Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты Ақсүйек ауылы маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі жоғары жылдамдықпен келе жатып аударылып кеткен. Көлікті Гулайым Рахмонова басқарған. Автомобиль ішінде оның кәмелетке толмаған ұлы мен екі құрбысы болған. Болжам бойынша, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмаған.

Жолаушылардың бірі – 39 жастағы З.А. – оқиға орнында қаза тапқан. Ал екінші әйел – 35 жастағы А.С. – Мойынқұм аудандық ауруханасына бара жатқан жолда көз жұмған. Гулайым Рахмонова мен 2022 жылы туған ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр, хирургиялық араласу қажет емес, науқас пен баланың жағдайы бақылауда.

Полиция жол қозғалысы ережесін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.