Әуе қорғаныс күштерінің №78460 әскери бөлімінің мерзімді қызметке шақырылған сарбаздары алғашқылардың бірі болып жаңа үлгідегі қызметті бастайды. Жобаны іске қосуға дайындық аясында бұл әскери бөлімге ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев келді.
SARBAZ+ ең алдымен – бұл әскери қызметшілердің жеке және кәсіби әлеуетін дамытуға, қызмет жағдайын жақсартуға және күнделікті қызметті басқаруға арналған цифрлық құралдарды енгізуге бағытталған шешімдерді сынақтан өткізу алаңы.
Жоба аясында әскери қызмет кәсіби оқытумен, цифрлық шешімдермен, медициналық бақылау жүйесімен және ұйымдастырылған бос уақытпен ұштасады. Әрбір сарбазға биометрикалық көрсеткіштерді нақты уақытта бақылауға арналған фитнес-браслет беріледі. Бұл мәліметтер медициналық қызмет пен командирлер қол жеткізе алатын орталықтандырылған бақылау жүйесіне жіберіліп, жеке құрамның денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
"SARBAZ+ – бұл тек әскери қызмет моделі ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғалық және кәсіби дамуға жол. Біз әрбір сарбаздың азаматтық өмірде кәдеге асатын нақты білім мен дағдылармен әскерден шығуын қалаймыз", — деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Министр орынбасарымен бірге әскери бөлімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Күсіпбеков және "Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" АҚ, "BI Group" АҚ, "Invictus Fitness" ЖШС, "Қазақстан ГИС орталығы" АҚ және Алматы шахмат клубының өкілдері бар делегация келді. Қонақтар инфрақұрылым нысандарын аралап, жаңа футбол алаңы мен электронды тирдің ашылуына қатысты.
Қазіргі уақытта әскери бөлім аумағында құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Спорттық нысандар жаңартылып, жаттығу құрылғылары орнатылып, командалық спорт түрлеріне арналған алаңдар мен көрермендерге арналған аймақтар жасалып жатыр. Логикалық ойлау мен интеллектуалдық белсенділікті дамыту үшін шахмат секцияларын ашу жоспарланған.
Жоба аясында "Қазақтелеком" және "Транстелеком" компанияларымен бірлесіп, телекоммуникация және ІТ саласында базалық оқыту бағдарламалары ұсынылады. Қызмет аяқталған соң қатысушылар аттестациядан өтіп, жұмысқа орналасуға көмектесетін сертификаттар ала алады. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мен радиобайланыс негіздері бойынша оқу жүргізіледі. Қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге арналған сабақтар да ұйымдастырылады.
Әскери қызметшілердің психологиялық жай-күйін қолдау мақсатында эмоционалды жеңілдік бөлмесі ашылады. Офицерлер мен сержанттарға арналған жеке даму тренингтері өткізілмек. Бұл шаралар заманауи, құзыретті және күйзеліске төзімді әскери маман қалыптастыруға бағытталған.
Айта кету керек, SARBAZ+ бағдарламасы тек мерзімді қызметтегі сарбаздарды ғана емес, офицерлік және сержанттық құрамды да қамтиды. Олар да біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, соның ішінде Cisco компаниясының CCNA халықаралық желілік технологиялар бағдарламасы да бар.
Жобаның ресми сайты әзірленіп, ол арқылы әскери қызметке қабылдау тәртібі, өту шарттары мен іріктеу кезеңдері туралы ақпаратпен танысуға болады. Жасөспірімдер онлайн тіркеуден өтіп, анкета комиссия қарауына жіберіледі. Қабылданған үміткерлерге хабарлама жіберіледі.
Егер жоба сәтті жүзеге асса, оны Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа бөлімдерінде де кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.