Полицейлер Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында болған атысқа қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Мойынқұм ауданында болған атысқа қатысы бар төрт күдікті ұсталды. Ұсталғандардың барлығы Мойынқұм ауданының тұрғыны", — делінген хабарламада.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", — деп қосты полиция департаментіндегілер.

Полиция өкілдері Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайтынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында оқ жарақатын алған төрт адам аудандық ауруханаға жеткізілгенін жазған едік.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған.

Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз