Жамбыл облысы Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде болған шабуыл фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Жамбыл облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты суық қаруды заңсыз алып жүргені және бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталғаны үшін айыпталған Ә-ге қатысты қылмыстық істі қараған (ҚК 287-бабының 1-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы).

Сотта анықталғаны 2025 жылдың сәуір айында сотталушы Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінен шығып келе жатқанда жәбірленушімен Я.-мен соқтығысып қалған. Бұл ретте ол пышақ түріндегі суық қаруды өзімен бірге заңсыз алып жүрген.

"Сотталушы Ә. болмашы сылтауды пайдаланып, бұзақылық пиғылмен, пышақты пайдаланып, адам өлтіруге тікелей қылмыстық ниетпен, жәбірленуші Я.-ның артқы жағынан келіп, екі рет пышақпен соққы жасаған", — делінген хабарламада.

Салдарынан жәбірленуші арқасынан және оң жақ кеуде тұсынан жарақаттар алған. Осы кезде жанында тұрғандар сотталушыны ұстап қалған, ал жәбірленуші қашып үлгерген.

"Осылайша Ә. адам өлтіру қылмыстық іс-әрекетін өзіне қатысты емес мән-жайларға байланысты ақырына дейiн жеткiзе алмаған", — делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі сотталушының, жәбірленушінің және куәлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және басқа да заттай дәлелдемелермен дәлелденген.

Прокурор сотталушыға ҚК 287-бабының 1-бөлігі бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл салу, ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Жәбірленуші тарап сотталушыдан 10 млн теңге көлемінде моралдық зиян, 1,3 млн теңге көлемінде материалдық залалды өндіре отырып, бас бостандығынан айыру түрінде қатаң жаза тағайындауды сұраған.

Сотталушы жасаған қылмысына өкініп, кінәсін мойындамаған.

Сот үкімімен Ә. ҚК 287-бабының 1-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 9) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 11 жыл 3 ай мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сотта жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кәмелеттік жасқа толмаған балаларының болуын ескерілген, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сондай-ас сот сотталушыдан 500 мың теңге моральдық зиян және 1,3 млн теңгеден астам мүліктік залал сомасын өндірген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз