Өзбекстанда жабайы жануарларды заңсыз саудалау деректері көбейген. Кейбір экзотикалық түрлерін контрабандалық жолмен өзге елден тасымалдайтындар бар.

Мәселен, жуырда қазақ-өзбек шекарасында Қызыл кітапқа енген жылан түрлерін алып өтпек болған әйел ұсталды. Оны тексерген кезде пластик ыдысқа салынған 15 жылан тәркіленді, деп жазады qazaqstan.tv.

Тұрғын оларды ешбір құжатсыз, заңсыз жолмен тасымалдаған. Бұдан бөлек, экологтар жүргізген рейдтік тексеру кезінде екі айлық жолбарыс пен жеті бірдей питон асырап отырған отбасы анықталды.

Хайуанаттар Ташкент зообағына ауыстырылған. Осыған ұқсас деректер көптеп кездеседі. Тұрғындар мұндай әрекетке пайда табу мақсатында барады.

Жануарлар мен өсімдіктер контрабандасына тосқауыл қою үшін "Жасыл кеден" деп аталатын онлайн платформа іске қосылды.

Оны зоология институтының ғалымдары мен экологиялық ресурстық орталық бірлесіп әзірлеген. Мақсат – жануарлар мен өсімдіктердің заңсыз айналымына қарсы күресу.

Көршілес елдердің – Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей мен Тәжікстанның табиғат қорғау органдарымен ақпарат алмасуды ұйымдастыру.