Тараз қаласының тұрғыны жалған құжаттар ресімдеу арқылы мемлекеттен заңсыз пәтер алды деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Облыстық прокуратура мәліметінше, Тараз қаласының тұрғыны жалған анықтамада өзін мемлекеттік қызметші ретінде көрсетіп, Тараз қаласындағы "Ұлы Дала" шағын ауданынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңсыз екі бөлмелі пәтер алған.

Сот-сараптамалық зерттеуінің қорытындысына сәйкес ұсынылған анықтаманың жалған екені белгілі болды.

Прокуратураның нұсқауымен 2025 жылы 22 шілдеде алаяқтық фактісі бойынша Тараз қаласында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта аталған жылжымайтын мүлікті мемлекеттік қорына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол кейіннен тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріледі.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз