Шымкентте қоқыс контейнерінің жанынан 26 жастағы әйелдің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Otyrar.kz хабарлауынша, 2 тамызда жарияланған ақпаратқа сәйкес, бойжеткен 21 шілдеде үйінен шығып кетіп, содан бері байланысқа шықпаған. 10 күннен кейін оның мәйіті табылған. Денесінде пышақ жарақаттары анықталған.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.
"Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды", — деді Шымкент полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагелдиев.
Полиция жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, бұл іс бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.