Белгілі әнші Рүстем Жүгінісов желіде Ақтөбе мешітінде болған оқиғаға қатысты айтқан пікірі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ол ойын дұрыс жеткізе алмағанын, бірақ бұл оқиға өзіне сабақ болғанын мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бірнеше күн бойы қазақстандықтар Ақтөбедегі мешітте қызға тиіскен ер адамның әрекетін қызу талқылап жатыр. 25 шілдеде Ақтөбе қаласындағы "Нұр Ғасыр" мешітінен шығатын жерде белгісіз ер адам келуші қыздың жолын бөгеп, әдепсіз астары бар сөздер айтқан. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланған. Кейін ер адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданатын болды. Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл жайтқа қатысты мәлімдеме жасап, мешітке келген әрбір азамат өзін әдеппен, ізетпен ұстауға міндетті еске салды.

Бұл жайтқа белгілі тұлғалар да желіде өз ойын жарыса жазды. Әсіресе Рүстем Жүгінісов қыздың өзі бұған жол бергенін, қыз-келіншектер намазды мешітте емес, үйде оқу керегін айтып, мәлімдеме жасаған. Оның бұл мәлімдемесі қазақстандықтардың ашуына тиді. Олар жаппай әншіні сынай бастады. Бүгін ол бұл мәлімдемесі үшін кешірім сұрап, пікірін дұрыс жеткізе алмағанын жеткізді.

"Соңғы күндері тарап жатқан менің жазбаларыма байланысты түсініктеме бергім келеді. Бірінші сторисымда айтқанымдай, бұл жағдайда толықтай ер-азаматтың жасағаны қате. Бұл – айқын. Дінімізде де "біркүндік неке" деген түсінік жоқ екенін нақты тағы айтқым келеді.

Ал екінші стористе, өкінішке қарай, өз ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөзімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл менің тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын.

Біз зайырлы елде тұрамыз. Әр адамның өз таңдауы бар. Ешкімді белгілі бір көзқарасты ұстан деп мәжбүрлеу ойымда болған емес. Мен әр адамның шешімін сыйлаймын және құрметтеймін", — деп жазды ол.

Әнші жазбасында бірінші кезекте қауіпсіздікті ойлағанын, өзінің де қыздары барын сөз етті.

"Мен қыз-келіншектерді әрқашан қолдаймын. Себебі олар біздің қоғамның негізі мен тірегі. Зорлық-зомбылық, алдау, пайдалану, мұның бәріне әйел емес, ер адамдардың кінәсі бар толықтай рас. Сондықтан ең алдымен өзгеріс те, жауапкершілік те ер-азаматтардан басталуы қажет.

Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды. Айтылған әр пікірді қабылдап жатырын. Қарындастарым, әпкелерім, сіздерді ренжітіп алсам шын жүректен кешірім сұраймын", — деп жазды әнші.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз