Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзіне жасалған қастандық ісі бойынша сот тыңдалымына онлайн қатысты. Жәбірленуші оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды Kazinform.

Басылым тілшісінің хабарлауынша, Берденов сотта атылған оқ тура басына көзделгенін айтқан.

"Алғашқы оқ тура басыма бағытталды. Бұғып үлгердім. Артымнан төрт рет оқ атылды. Жерге құладым. Қасыма келіп, тағы да мылтығын оқтап жатты. Қансырап жаттым, бірақ орнымнан тұрмасам, өлетінімді білдім. Бір қолым істемей қалды. Сөйтіп орнымнан тұрып, Жиембаймен алыстым. Сол кезде қарудың жерге құлағанын естідім. Жиембай қашуға дайындалып жатқанда, жүргізушім Мейрамбек оған тосқауыл болып, көлікпен жай келіп қақты. Тұрды да қашты. Одан кейін мен құладым", — деді Берденов.

Әкім орынбасарының сөзінше, дәл осы сәтте жанында болған екі қыз алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

"Олардың біреуі медбике екен. "Ұйықтамаңыз, көзіңізді жұмбаңыз" деп демеп отырды. Солар маған алғашқы көмек берді. Сол сәтте оң өкпемнің істемей қалғанын сездім. Ауа жетпей жатты. Тыныс ала алмай, аузыма қанның дәмі келгенде өмірімнің соңғы сәті жеткендей ойладым. Ота кезінде өкпемнің 20 пайызы алынып тасталды. Бауырымды шашып, қайта жинады, — деп атап өтті Берденов.

Сондай-ақ ол қастандық жасаған адамның Ернар Жиембай екенін кейін білгенін айтты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз