Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрды. Жаңа құрылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясының негізгі элементі болады.
Министрліктің ақпаратынша, бөлімшенің негізгі міндеті – көлемді деректерді талдау, басқаруды автоматтандыру, әртүрлі сценарийлерді модельдеу және қазіргі әскери жағдайда басқару шешімдерін қабылдауды жеделдету.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жасанды интеллект технологияларын армия қызметіне интеграциялау жаңғырту жолындағы маңызды қадам екенін және қорғаныс саласындағы әлемдік үрдістерге сәйкес келетінін атап өтті.
Жаңа бөлімше отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жетекші университеттермен және бейінді IT-компаниялармен етене жұмыс істейді. Сонымен қатар қазіргі заманғы технологиялармен жұмыс істей алатын офицер-талдаушылар және цифрлық технология саласындағы мамандарды даярлау жоспарланып отыр.