18 тамыз күні Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ағымдағы жағдайы қаралды.
Азық-түлік қауіпсіздігі екі негізгі элементке негізделеді: Азық-түліктің физикалық қолжетімділігіне Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал экономикалық қолжетімділігіне Сауда және интеграция министрлігі жауап береді.
Азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасында бекітілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2021-2024 жылдары жалпы өнім көлемі 11,3%-ға өсіп, 7,5 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 14%-ға (4,4-тен 5 трлн теңгеге дейін), мал шаруашылығы 5,6%-ға (3,1-ден 3,29 трлн теңгеге дейін) артты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өсім 3,7%-ды құрап, 1,8 трлн теңгеге жетті.
Биыл егіс алаңы 23,6 млн гектарға дейін ұлғайтылды (+322,8 мың га). Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егісі қысқарып (-629,9 мың га), әлеуметтік маңызы бар әрі жоғары рентабельді дақылдардың егісі кеңейді: майлы дақылдар 4 млн га (+1 055,5 мың га), картоп 131,2 мың га (+9,3 мың га).
Мал шаруашылығында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында барлық мал түрлерінің басы өскен: ІҚМ 8,3%-ға (8,8 млн бас), қой мен ешкі 0,8%-ға (21,5 млн бас), жылқы 4,7%-ға (4,6 млн бас), құс 2,7%-ға (47,7 млн бас). Бұл өнім өндірудің артуына ықпал етті: ет (тірідей салмақта) 529,9 мың тонна (+1,5%), құс еті 187,7 мың тонна (+4,9%), сүт 1,8 млн тонна (+7%), тауық жұмыртқасы 2,2 млрд дана (+0,9%).
Азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Сүт, ет, ұн, макарон өнімдері, өсімдік және сары май өңдеу көлемі артты.
"Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен 80-100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың бәрі еліміздің тұрғындарының қажеттілігін толық өтеуде. Сонымен қатар, құс еті, шұжық, ірімшік, қант және балық бойынша импорт сақталуда", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Аталған бағыттардағы тәуелділікті төмендету үшін инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, 2022-2024 жылдары қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 құс фабрикасы іске қосылды. Бұл құс етімен қамтамасыз ету деңгейін 67%-дан 79%-ға жеткізді. 2028 жылға дейін тағы 41 кәсіпорын іске қосылып, толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
Егер 2019 жылы елде небәрі 19 сүт фермасы болса, бүгінде олардың саны 69-ға жетті, тағы 47-сі салынуда. Барлығы 116 ферма іске қосылған соң сүт өндірісі жылына 600 мың тоннаға артып, ірімшік пен сүзбе қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.
Негізгі азық-түлік өнімдерінің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша кешенді шаралар жүргізуде.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жыл басынан бері бағаның өсу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсімі 8%-ды құрады, ал екінші тоқсаннан бастап қарқынның бәсеңдеуі байқалады: сәуірде 1,6%, мамырда 1%, маусымда 0,7%, шілдеде 0,4%, тамыздың екі аптасында небәрі 0,1%.
Айжан Бижанованың айтуынша, Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым бөлігі ЕАЭО елдері арасындағы ең арзан болып отыр.
"15 азық-түлік өнімі (күнбағыс майы, сүзбе, жұмыртқа, тұз, қарақұмық, күріш, ұн, көкөніс және т.б.) бойынша Қазақстанда ЕАЭО елдерінің ішінде ең төмен нарықтық бағалар тіркелген. Сүт пен сиыр еті бойынша Қазақстан тек Беларусьтан кейін тұр, құс еті бойынша – Беларусь пен Ресейден кейін, ал сары май бойынша – Қырғызстаннан кейін", – деді бірінші вице-министр.
Бағаны ішкі нарықта тұрақтандыру үшін мемлекет бордақылау алаңдарын дамытуға, ет кластерін құруға қолдау көрсетіп, өңірлер мен ірі қалаларда фермерлерге тегін сауда орындары ұсынылатын жәрмеңкелер өткізіп келеді.
Отандық өндірісті қолдау және қазақстандық тауарлардың сауда желілеріндегі сөрелерге еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі заңнамаға өзгерістер дайындауда: жеткізілімдер үшін төлемді кейінге қалдыру мерзімін 30 күнмен шектеу ұсынылды.
Сондай-ақ отандық өнімдерді сөрелерге орналастыруға қоғамдық бақылау тетігі енгізілмек – тұрғындар заңбұзушылықтарды тіркеп, уәкілетті органға жолдай алады. Ол үшін "Сапалы өнім" жүйесі әзірленуде.
Кеңесте Серік Жұманғарин тарифтердің өсуінің инфляцияға ықпалын төмендету мәселелері бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасын тыңдады. Кеңес қорытындысы бойынша ел тұрғындарын қазақстандық өнімдермен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.