Алматы облысында ұн зауытында жарылыс болып, бір адам қаза тапты. "АзияАгроФуд" зауытының территориясында болған жарылыстың арты өртке ұласқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бір адам қаза тауып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілген.

Өңірлік ТЖД өрт 1377 шаршы метрді қамтығанын нақтылайды. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 100 адам және 31 техника жұмлдырылған. Өрттің шығуына астық шаң-тозаңынан болған жарылыс себеп болуы мүмкін екені айтылады.

Компания қайғылы оқиғаға байланысты ішкі тексерісті бастады.

ҚазАқпарат аталған оқиғаға қатысты Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме бергенін хабарлайды.

Оған сәйкес, Қаскелең қаласындағы Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына 23 мамырда алдымен 4 адам жеткізілген. Зардап шеккен қызметкерлердің бірін аман алып қалу мүмкін болмады. 49 жастағы ер адамның денесін қатты күйік шалған.

"Қалған үш адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастарды жеке бақылауына алып, дер кезінде диагноз қою және толық ем алу үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр", деп хабарлайды басқармадан.

Бұған дейін Павлодарда такси өртеніп, екі баласымен бірге әйел адам зардап шеккенін хабарлағанбыз. Қазір ауруханада жатқан оларға әртүрлі деңгейдегі "күйік шалу" диагнозы қойылған.