Салық ережелерінің тұрақсыздығы ұзақмерзімді жобаларды лотереяға айналдырады. GRATA халықаралық заң фирмасының аға серіктесі Алмат Даумовтың пікірінше, бұл әсіресе тау-кен металлургия секторына әсер етіп отыр: салықтың күрт өзгеруі, роялтидің жаңа ережелері және ҚҚС-тың өсуі жобалардың болжамды болуын төмендетіп, тиімсіз етуі ықтимал.

"Инвестор өнеркәсіптік аспектілерден бөлек екі мәселені ғана қарастырады: құқықтық режимнің және салық режимінің тұрақтылығы, себебі салық режимі жобаның өзін-өзі ақтауына тікелей әсер етеді. Кез келген жиі болатын өзгерістер ешкім 5-10 жылдан артық жоспарлай алмайтынын аңдатады. Ал ірі инвесторлар өміршеңдігі 20-30 жылға созылатын жобаларды таңдайды. Сәйкесінше, кез келген салықтық реформалар мен өзгерістер сенім деңгейін төмендетеді", — дейді ол.

Кодекс қолданыстағы және жаңа жер қойнауын пайдаланушылар үшін әр түрлі режимдерді енгізеді: кейбірі пайдалы қазбаларды өндіру салығын басшылыққа алады, енді бірі роялтиге ауысады.

"Бұл қаншалықты әділ әрі бәсекеге қабілетті? Әрине көптеген компания роялтиге көшкісі келеді, әсіресе халықаралық компаниялар. 2027 жылдан бастап тетіктері пысықталса, толық көше беруге болады деп сенемін", — дейді Даумов.

ҚҚС-ның 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі геологиялық барлаумен айналысатын компанияларға да жасырын салмақ түсіреді.

"Барлығы ҚҚС өсімі салық қайтарылатындықтан, тау-кен-металлургиялық кешен үшін маңызды емес деп санайды. Бірақ мынаны түсінген абзал: мұнда әңгіме тек экспорттаушыларға ғана емес, сонымен қатар тәуекелі жоғары жобаларға қаражат құятын инвесторларға да келіп тіреледі. Олар кен орындарын барлауға ақша жұмсайды, десе де кен орындарын таба алатынына кепілдік жоқ", — деп түсіндірді сарапшы.

Бұған дейін тәуекелі жоғары инвестицияларды ынталандыру мақсатында 2001 жылға дейін геологиялық барлау ҚҚС-тан босатылған болатын. Енді мұндай қолдау көрсетілмейді, ал ҚҚС-тың жиынтық өсімі зерттеу құнын арттыра отырып, инвесторлар үшін тәуекелдерді арттырады.

Тау-кен металлургия секторы – салық түсімдерінің негізгі бөлігі, бірақ сонымен бірге фискальдық жүктеменің артуына тап болып жатыр.

"Салық жүктемесін одан әрі арттыру керек деген кейбір популистік мәлімдемелер түптеп келгенде негізсіз, себебі жер қойнауын пайдаланушылар қазірдің өзінде бәрінен көп салық төлейді. Мұндай кәсіпорындарға салынатын салықтың артуы жаңа кен орындарын іздейтін қосымша инвесторлардың санын қысқартады", — деп ескертті Даумов.

Сарапшы қысқамерзімді бюджеттік жеңілдіктер ұзақмерзімді шығындарға әкелуі мүмкін екеніне баса назар аударды.

"Бір қарағанда салықты көбейту бюджетке жылдам эффект беруі мүмкін. Бірақ ұзақмерзімді перспективада бұл жаңа инвесторларды үркітеді. Жетістікке жеткендер қазірдің өзінде үлкен көлемде салық төлеп отыр, бұл оларға одан да көп салмақ түсіруге негіз емес", — дейді ол.

Қазақстанның тау-кен металлургия секторына түсетін жалпы қаржылық жүктеме 55-60 пайызға жетеді. Сарапшының пайымдауынша, мұндай жоғары ставкалар көптеген жобаны тиімсіз етеді және әр түрлі елдердегі жағдайларды салыстыратын инвесторлар үшін саланың тартымдылығын төмендетеді. Бұл ретте тау-кен металлургия кешендері — әсіресе моноқалалар мен шалғай өңірлердегі ең ірі жұмыс берушілер, сол себепті салықты көтеру тек кәсіпорындарға ғана емес, сонымен қатар жүздеген мың жұмыс орнына да кесірін тигізуі мүмкін.

Сондай-ақ Алмат Даумов роялти енгізу мен ережелерді үнемі өзгерту сот пен арбитраж дауларының туындау қаупін арттырады деп санайды. Жаңа тәжірибе қалыптасқанға дейін инвесторлар ниеті түзу екеніне қарамастан, қателік жіберуі мүмкін. Бұл міндетті түрде салықтық дауларға әкеледі, деп түсіндірді сарапшы.

"Ірі компанияларда бухгалтерлер мен салық кеңесшілерінен құралған бүтін штаттар бар. Ешкім әдейі азырақ салық төлеуді көздемейді. Бірақ салық органдарының бұрынғы түсініктемелері күшін жойып, бұл дауға негіз болатын жағдайлар бар", — деп қосты ол.

Алмат Даумов халықаралық инвестициялық даулар көбінесе салықты негізсіз есептеуге байланысты туындайтынын еске салды. Кейде мұны инвесторлар салымдарды мемлекет меншігіне алу тәсілі ретінде қабылдайды.

Даумовтың айтуынша, инвестиция тартудың кілті — 90 жылдары және 2000 жылдардың басында Қазақстанды танымал еткен салық тұрақтылығы. Ол кезде инвестор 25 жылға келісімшартқа отырып, қол қою кезінде қолданыста болған ережелерге сәйкес жұмыс істей алатын. Бүгінде тәжірибе тым тез өзгеріске ұшырап отыр.

"Екі жыл бұрын пайдалы қазбаларды өндіру салығы тау-кен секторы үшін бір мезетте 50 пайызға көтерілді. 2026 жылдан бастап металдарға пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың базалық мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады, бірақ алтынға 7,5 пайыздан 11 пайызға дейін прогрессивтік шкала енгізілді. Сонда елімізде металдың бұл түріне пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемесі әр екі жыл сайын айтарлықтай өсетін болып отыр. Мемлекеттің салық саясатының тұрақтылығы мен болжамдылығы үлкен күмән тудырады", — деп атап өтті сарапшы.

Даумов салықты асығыс өзгертуден қорғаудың қатаң тетіктерін енгізуді ұсынып отыр: "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы реттеушілік әсерге егжей-тегжей талдау жүргізу және бизнеспен келісілмеген бастамаларға кедергілер орнату.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз