Былтыр елдегі электронды сауда алаңдары арқылы 152 млн тауарға тапсырыс түскен .
Бұл алдыңғы жылдан 28%-ға көп.
Электронды коммерция нарығы үш трлн теңгеден асты. Дегенмен, бізге тауарын жасырын жолмен жеткізіп жатқан компаниялар бар. Бұл тұтынушының құқығын бұзып қана қоймайды, экономикаға да зиян, дейді мамандар.
Алдағы 5 жылда әрбір төртінші сауда онлайн түрде жасалады. Qaztech бас сарапшысы Александр Дауранов осындай пікірде. Әсіресе жас буын жаһандық нарықты жақындата түседі дейді сарапшы. Былтыр елде 3,2 трлн теңгеге онлайн сауда жасалды. Бұл бөлшек сауданың 14 пайызы. Келешекте көрсеткіш 25 пайызын қамтуы мүмкін. Александр Дауранов онлайн сауданың тұтынушы үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін тиімді екенін айтады.
Александр Дауранов, Qaztech бас сарапшысы:
- Үш негізгі дүниені атайтын болсам, ең алдымен өнімділік артады. Онлайн сауда нарығындағы өнімділік бөлшек саудадан 30 пайызға көп. Офлайн саудаға қарағанда көптеген жұмыс орнын құруға болады. Өндіруші өнімін бір аумаққа ғана емес, ішкі нарықты толық қамтуға әлеуетті. Әрі ашықтық бар. Тауар сатылымы дер шағында тіркеліп отырады. Бұл салық үшін де, жалақы және зейнетақы жинағы үшін де оңтайлы болары сөзсіз. Онлайн сауда дами береді. Оған мүмкіндік беру керек.
Елдегі электронды сауданың 85 пайызы маркетплейс арқылы жасалып, 2,7 трлн теңгеге жетті. Бір сөзбен айтқанда, әр қазақстандық шамамен 7 рет осы алаңда сауда жасаған. Елдегі электронды коммерция платформалары арқылы 152 млн тауарға тапсырыс тіркелді. Оның басым бөлігі телефондар мен гаджеттерге тиесілі. Көпшілік киім мен аяқ киімді де онлайн сатып алуға бейімделіп келеді. Шетелдік, әсіресе Қытай маркетплейстері де кең қолданысқа енді. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, былтыр олар біздің нарыққа 630 млрд теңгенің тауарын жіберді. Қазынаға 35 млрд теңге қосылған құн салығы түсті. Бұл алдыңғы жылдан бес пайыз жоғары. Дегенмен, көлеңкелі жолмен жеткізілген тауар жоқ емес. Қазтек бас сарапшысы Александр Дауранов әр үшінші тауарға ҚҚС салынбайды дейді. Мұның жолын кесу үшін арнайы тіркеу платформасын түзуді ұсынады. Ол салық төлеуші үшін тиімді болуы керек.
Александр Дауранов, Qaztech бас сарапшысы:
- Қытайдың ірі ойыншылары біздің мемлекеттік кірістер комитетінде тіркеліп, салық төлеп отыр. Ойыншылардың енді бірі тауарын жасырын жеткізуде. Бұл біз үшін тиімсіз. Елде арнайы тіркеу жүйесін түзу қажет. Қазір әлемнің көптеген елі осы жолды таңдап жатыр. Өйткені трансшекаралық электронды сауда көлемі арта береді. Арнайы жүйеде тіркелген салық төлеуші тауар құнының жанынан ҚҚС бірден көріп отырады. Яғни тауар сізге келеді, кейін компания бюджетке ҚҚС төлейді. Ал тіркелмегендерден бұл салық тауарды кедендік бақылау кезінде алынады. Осылайша платформа трансшекаралық саудадан түсетін ҚҚС жинауға көмектеседі.
Шетелдік маркетплейстер салық төлеуі керек
Шетелдік маркетплейстер арнайы платформаға тіркелуге мүдделі болады. Тиісті шарттарды орындамаған компаниялар екі-үш жылда нарықтан кетуге мәжбүр болады дейді сарапшы. Өйткені тіркелмеген тауарды жеткізу қиындайды. Жалпы бүгінге дейін шетелдік маркетплейс импортының үлесі 200 млрд теңге болды. Ал ҚҚС 13 млрд теңгеден асты. Жыл соңына дейін ол 50 млрд теңгеге жуықтауы мүмкін.
Бірқатар елде кедендік баждың алынуы онлайн саудаға оң әсер етті
Кейінгі жылдары трансшекаралық сауда қарқынды дамып жатыр. Бұған көптеген елдердің тауарды кедендік баж салығынсыз тасымалдауы себеп дейді мамандар. Елде былтырдан бері құны 200 еуроға дейін және салмағы 31 келіге дейінгі тауарларға тапсырыс берсеңіз, кедендік баждар алынбайды. Ал тапсырыстың құны не салмағы осы шектен асып кетсе, баж салығын төлеу қажет. Еуразиялық экономикалық комиссия келесі жылдан бастап, құны 200 еуродан асқан тауарларға бес пайыздық баж салмақ. 2026 жылы ЕАЭО-тың кедендік аумағында жасалған онлайн сауда шегі жүз еуроға, 2027 жылы 50 еуроға дейін қысқаруы мүмкін.