33 жастағы әйел қажылыққа барамыз деп ниеттенген мұсылмандардың ақшасын қалтасына басқан, деп хабарлайды Zakon.kz.
Астана қаласының полициясына бір ер адам алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Ол кіші қажылыққа баруды жоспарлап, Instagram арқылы қажылық ұйымдастыратын туристік компанияны тапқан. Екі жолдама үшін 1,5 миллион теңге төлеген ер адам уәде етілген әуе билеттері мен визаны күтумен болған. Дегенмен, компания директоры оның қоңырауларына жауап бермеген. Белгілі болғандай, күдікті бұл алаяқтықты Алматыда да ондаған рет жасаған. Ол қажылық сапарын ұйымдастыру үшін құжаттарды қолдан жасап, ақша алғаннан кейін ғайып болып отырған, деп мәлімдеді Astana TV телеарнасы Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Сарайшық ауданының криминалдық полиция қызметкерлері 33 жастағы күдіктіні анықтады, ол бойынша Алматыда шамамен 60 эпизод тіркелген. Қылмыстық іс тіркелді", – деді құқық қорғау органдары.
Бұған дейін Түркістан облысында қараңғы түсіп, жағаға жете алмай қалған екі балықшының құтқарылғандығы хабарланған болатын.