Қазақстан финтех-егемендігін Ресейге беріп қоюдың аз алдында. Қазір «модернизация» деген желеумен елімізде букмекерлік бизнесті толық бақылауға алатын жүйе енгізілуде. Бұл қаржы ағындарын ресейлік құрылымдардың қолына тапсыруы мүмкін.
Мұндай масқараға қалай жеттік? Цифрлік дербестігімізді сақтаудың орнына билік финтех саласын шетелдіктерге бере бастады. Қазір «Букмекерлердің бірыңғай есеп жүйесі» (ББЕЖ) атты жүйе бойынша бүкіл экономикаға қауіпті жүрістің алғашқы қадамы жасалуда.
Бәленің бәрі 2020 жылы басталды. Сол кезде Туризм және спорт министрлігі Букмекерлік ставкаларды есепке алу орталығын енгізуге тырысты. Бұл жүйе аясында мемлекет пен букмекерлер арасында жеке делдал компания пайда болуы тиіс еді. Бұл компания сол кезде «Қазақтелекомның» бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеевпен байланыстырылды. Делдал саладағы қаржы ағынының 4%-ын өзіне алып отыруы керек еді.
Жоба сыбайлас жемқорлық жанжалынан кейін тоқтады. Осыған қатысы бар шенеуніктердің бірі қымбат әйелдер сөмкесі түріндегі парамен ұсталып, бұдан сабақ алынар дегенбіз. Бірақ делдалдардың райынан қайтар түрі жоқ.
2023 жылы депутат Елнұр Бейсенбаев Парламент мінберінен «ескі Қазақстанның делдалдарына» жол бермейміз деп мәлімдеген еді. Бірақ соған қарамастан, ББЕЖ бірауыздан қабылданды. Қазір жүйені Ербол Мырзабосынов басқаратын министрлік «жетілдіруде».
Ресейлік ізден қауіп бар
ББЕЖ деген жай ғана жемқорлық схемасы емес. Артында ресейлік құрылымдардың жүйелі экспансиясы тұр. Бұл схеманың негізгі ойыншысы Умар Кремлев (Лутфуллоев). Ол Ресейде ЕЦУПИС атты ұқсас жүйені басқарып отыр. Кремлев Ресейдегі үш ірі букмекер компаниясының («Фонбет», «Пари», «Лига Ставок») ортақ иесі. Аталған үш компания Ресей нарығында көшбасшы болып табылады. Қазір «Фонбет» Қазақстанда тіркеліп, біздің азаматтардан мол ақша жинауда.
ББЕЖ техникалық модернизация ретінде көрсетілгенімен шын мәнінде финтехті бақылау жүйесі болып табылады. Барлық ақпарат, оның ішінде бәстер, клиенттер, транзакциялар, қаржы ағындары бір платформаға жиналмақ. Осыны жүзеге асырса ресейліктер отандық кез келген букмекерді төлем жүйелерінен ажырата алады және клиенттерді өздерімен сыбайлас компанияларға бағыттай алады. Онымен бірге, миллиондаған қазақстандықтың деректеріне қол жеткізу мүмкіндігі ашылады. Жылына 0,6–1,4 триллион теңге айналымы бар саланы бақылау арқылы ресейліктер Қазақстаннан орасан зор капитал шығара алады. Сонымен бірге, қауіпсіздік протоколдары мен тәуелсіз бақылау болмаған жағдайда бұл кибершабуылдар, деректердің таралуы мен азаматтарға саяси қысым жасауға жол ашады.
Ең қорқыныштысы, жаңа заң күшіне енген соң, ББЕЖ арқылы қажет деректер шетелдік арнайы қызметтердің қолына түссе, олар қазақстандықтарды бопсалап, өз шынжырына байлап аламыз деп алақандарын ысқылап отыр. "Сен кезінде бәс тіккенсің" деп, кез-келген шенеуікті бопсалап үркітуге, қазақ мүддесіне қарсы жұмыс істетуге болады.
«Шахедтерге» қазақ теңгесі жұмсала ма?
Ресей соғыс жүргізіп, бизнес кірістерін «Шахед» пен «Орешник» өндірісіне бағыттап жатқанда, Қазақстан өз финтех секторын көрші бақылауына берсе, қазақтан түскен кіріс міндетті түрде соғыс шығындарына жұмсалатыны анық. Депутат Елнұр Бейсенбаев бұған жол бермеймін деп ант бергенімен, ақыры қабылданған шешімді қолдады. Парламентте қазір «аттан салған мәлімдемелер», «қоғам алдындағы пікірталастар» жүруде. Бірақ бұл шынайы күрес емес, таза көзбояушылық. Ал нақты шешімдерді Кремлев сынды акулалар жабық есік жағдайында қабылдатып жатыр.
ББЕЖ жай ғана букмекерлік заң емес. Бұл қазақтың цифрлық инфрақұрылымды сыртқы ойыншыларға тапсырудың қауіпті үлгісі. Бүгін букмекерлерді алса, ертең банктер мен сақтандыру жүйесіне ауыз салайын деп тұр.
Осы орайда, азаматтардың деректерін басқару сияқты маңызды шешімдер неге халықпен талқыланбайды деген сұрақ туындайды.
Мақала ҚР Туризм және спорт министрлігінің ашық деректері мен құжаттарына негізделіп дайындалды.