Талғар ауданындағы бірқатар мектеп пен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы сабақ енгізіледі. Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Тиімділігі дәлелденсе, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де жүзеге асырылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру мәселелері Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өткен кеңесте талқыланды.

"Кеңес жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық білім басқармасының басшылығы мен педагогтар қауымдастығы қатысты. Оның қорытындысы бойынша жобаны Талғар ауданындағы 3 колледж бен 10 мектепте пилоттық негізде енгізу туралы шешім қабылданды. Сабақтар жаңа оқу жылынан бастап 7-10 сыныпта оқитын 7 500-ден астам оқушыны қамтиды", — делінген хабарламада.

Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заң үстемдігіне, азаматтық жауапкершілікке және Отанға адал қызмет етуге деген саналы көзқарас қалыптастыру.

Сабақ барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллингке қарсы күрес, өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гуманистік құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Курсты құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған, мол тәжірибесі бар ардагер мамандар жүргізеді. Бас прокуратура қоғам мен мемлекетке адал қызмет етудің үлгісін көрсете алатын 26 білікті маманнан құралған арнайы оқытушылар тобын дайындады.

"Адал әрі жауапты азамат тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеті. Заң – кез келген мемлекеттің берік іргетасы. Заңға құрмет болған жерде әділет, қауіпсіздік және даму болады. Сондықтан жас ұрпаққа құқық пен тәртіпке деген саналы көзқарас қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Жаңа оқу курсы дәл осы құндылықтарды насихаттауға бағытталған", — деді Арман Қырықбаев.

Пилоттық кезең өз тиімділігін дәлелдесе, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен жүзеге асырылады.