Түркістан облысының тұрғыны басынан кешкен жантүршігерлік оқиғасын айтып, ел президентіне бейнеүндеу жолдады. Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Zakon.kz тілшісіне іс бойынша тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Жәбірленушінің бейнеүндеуі Telegram арналардың бірінде жарияланған. Белгілі болғандай, әйел балаларын тек өзі тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, бір күні бейтаныс ер адамдар балаларының көзінше оны үйінен алып кетіп, Шымкенттегі психологиялық көмек көрсету орталығына апарған.

Бейнеүндеуде әйел орталықта белгісіз дәрі-дәрмектерді күштеп бергенін айтып, былай деп жалғастырады:

"Оны байлап тастап, он күн бойы күштеп ұстаған және қандай да бір құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген. Әйел орталықтан таңғажайып түрде қашып құтылған", – делінген жазбада.

Өз кезегінде, Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын нақтылады.

"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және заңсыз әрекеттерге қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында кешенді тергеу амалдары жүргізілуде", – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, тергеу барысында аталған психологиялық орталықтың қызметі де тексерілуде.

"Құжаттар, бейнежазбалар, сондай-ақ екі тараптың да уәждері мұқият зерттелуде. Тергеу заң аясында жүргізіліп, ұсынылған барлық дәлелдер жан-жақты және объективті қаралады", – деп толықтырды ведомство.

Бұған дейін тозығы жеткен инженерлік желілердің көп бөлігі қай аймақтарда орналасқанын жазған болатынбыз.