Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 27 мамырда қала тұрғынын жедел жәрдем фельдшеріне орташа ауырлықтағы дене жарақатын қасақана келтіргені үшін кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай шартты жаза тағайындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 29 қаңтарда айыпталушы К. тұрғын үйлердің бірінің маңында туындаған жанжал кезінде шақырту бойынша келген фельдшер С.-ға дене жарақатын салған. Жәбірленушіге жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылып, ол орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян ретінде бағаланған.

Прокурор 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған, ал жәбірленуші 3 жыл бас бостандығын шектеуді және келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап еткен. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі және кәмелетке толмаған баласының барын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Нәтижесінде К. ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша (Қызметтік міндетін атқарып жүрген адамға орташа ауырлықтағы қасақана зиян келтіру) кінәлі деп танылып, шартты жазаға кесілді және залалды өтеу міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.