Орал қаласында спортшы Асқар Шайхиевті еске алуға арналған дзюдодан ашық республикалық жарыста спортшылар арасында автокөлік ойнатылып, жеңімпаздар анықталды. Турнирді ұйымдастырушы Рустам Шайхиевтің айтуынша , мұндай оқиға отандық дзюдо тарихында алғаш рет болып отыр, деп жазады Sportbugin.kz.
Дзюдошылар додасында 14 салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды. Ал чемпиондар арасында ойнатылған су жаңа автокөлікті ақтөбелік Гүлнұр Бақанова ұтып алды.
"Осы автокөлікті қыз балалардың бірі ұтып алса деген тілек болды. Залға жиналған жанкүйерлер де көліктің нәзік жандыларға бұйырғанын тіледі. Тілегіміз қабыл болып, темір тұлпар 70 келіде белдескен ақтөбелік қарындасымыз Гүлнұр Бақановаға бұйырды. Гүлнұр ауыр жарақат алып, бір жыл бойы емделген екен. Бір жыл татамиге шықпай, осы жарыста үлкен спортқа оралып отыр. Айтуынша, қиын кезеңдерде спорттан қол үзбеуіне ата-анасы себепкер болған. Олар қызының жарақатын емдеп, әрдайым демеу көрсетіп, жігерлендіріп отырыпты. Міне, осы көлік спортшының талай жылғы еңбегінің, бір жыл емделумен өткен уақыттың өтеуі секілді болды", — дейді Рустам Шайхиев.
Турнирді ұйымдастырушылар облыстың тізгінін қолға алған жауапты тұлғаларға алғысын жеткізді.