Алдағы бес жылда әлемдік нарықта сирек металға сұраныс екі еседен аса өседі. Verified Market Research зерттеу компаниясының дерегі бойынша, 2023 жылы сирек металдар нарығы 4 млрд 840 млн доллар болса, қазіргі қарқынмен 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 млрд АҚШ долларынан асады.
Жер бетінде қазба байлық үшін талас тартыс көп. Қытай мен АҚШ-тың қырықпышақ болып жүргені де осы. Бүгін Оңтүстік Кореяда Президент Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзинпиньде осы мәселені қаузайды.
Қазір сирек металсыз бірде-бір озық технология, тіпті әскери техника да құрастырылмайды. Сондықтан бұл экономикалық және саяси үстемдікке талас деуге болады. Қытайдың сирек метал экспортынан арылу үшін АҚШ-қа кемі 10 жыл қажет. Goldman Sachs сарапшылары осылай болжап отыр. Өйткені бұл тек қазба байлығын өндіру емес, өңдеуді және миллиардтаған инвестиция қажет ететін күрделі сала. Қазір Қытай әлемдегі сирек металдардың 60 пайызын өндіреді әрі 90 пайызын өңдейді. Ал бұл металдар электроника, қорғаныс, энергетика және телекоммуникация салаларын дамытуға таптырмай тұр. Мәселен, небәрі 0,05 пайыз скандий жұмсақ алюминийді жеті есе берік қылады. Тіпті болаттан қатты болып шығады. Неодим мен празеодимнен магнит жасалады. Бұл электр қозғалтқыштардың басты бөлшегі. Онсыз электромобиль, дрон және квадрокоптерлер құрастырылмайды.
Джули Мишель Клингер, адамтану ғылымдары институтының ғылыми қызметкері:
- Мысалы, церийді алайық. Бұл — ерекше металл. Дәл осы элемент бұрынғы хрусталь ыдыстарға қызғылт реңк беретін. Ал бүгінде церий ғаламдық интернеттің жылдамдығын арттыру үшін қолданылады. Мұхит астындағы талшық-оптикалық кабельдердегі сигнал күшейткіштердің құрамында осы церий бар. Яғни әлемде жылдам интернет осы элементтің көмегімен қамтамасыз етіледі. Сол қасиеті лазерлер өндірісінде, хирургиялық құрылғыларда, зымыран мен ақылды бомбалардың, бағыттау жүйелерінде пайдаланылады.
Қазір АҚШ-та сирек металдардың бір ғана кен орны бар. Алайда оны өңдейтін кешен жоқ. Сондықтан шикізатты өңдеу үшін Қытайға жібереді. 30 жыл бұрын Құрама Штаттар әлемде ең ірі өндірушілердің бірі саналатын. Алайда экологиялық қауіпке байланысты өндірісті тоқтатқан. Сирек металдар табиғатта таза күйінде кездеспейді. Басқа элементтермен араласып жатады. Оны бөліп алу үшін радиоактивті металдар қолданылады. Ал бұл топырақ және жер асты суларын ластайды.
Джули Мишель Клингер, Адамтану ғылымдары институтының ғылыми қызметкері
- Басты мәселе жер қойнауындағы қазынаны өңдеудің қиындығында болып тұр. Оған арзан энергия мен су және күрделі технология қажет. Әйтпесе шығыны көп, пайдасы аз салаға айналуы мүмкін. Экологиялық тәуекелі де жоғары. Сондықтан сирек металдарды өңдеу кешендері әлемде санаулы елде ғана шоғырланған.
Ал Бейжіңнің сирек металдарға экспорттық шектеуді күшейтуі Американың әскери әлеуетіне тікелей әсер етуі мүмкін. Себебі Құрама Штаттарда F-35 жойғыш ұшақтарының әрбір данасын құрастыруға қажетті 400 келі сирек металл Қытайдан жеткізіледі. Сондықтан АҚШ Бейжіңге кіріптар болмас үшін Украина, Гренландия сияқты елдердің байлығына көз салады. Мәселен, Данияға қарасты аймақ сирек металдардың қоры бойынша әлемде сегізінші орында тұр. Президент Трамп бұл аумаққа да көз тігіп отырғанын аңғартты. Сондай-ақ тақауда Ақ үй басшысы жер қойнауында қазынаның мол қоры бар бірқатарға елмен келісім жасасты. Олардың қатарында Аустралия мен Малайзия бар. Бұл — Қытайдың осы саладағы ықпалын әлсіретуге бағытталған қадам. Мұны сарапшылар да растап отыр.
Дэниел Морган, Қаржылық қызметтер компаниясының тау-кен саласы бойынша сарапшы
- Президент Трамп: «Аустралиямен келісім бір жылдан кейін арзан сирек металдарға қол жеткізуіне жол ашады», — деп мәлімдеді. Қазір қолға алынған бастамалар маңызды әрине. Алайда олардың шынайы әсері мен нәтижесі алдағы 5–6 жылда ғана көрінеді. Өйткені бұл тез шешілетін мәселе емес.
АҚШ қытайлық сирек металдар экспортынан арылуға күш салып әуре болса, Бейжің қорын еселеп жатыр. Қытай кен өндіру қауымдастығының дерегі бойынша, биыл геологиялық барлауды күшейтудің нәтижесінде осы ел аумағынан 80-нен аса жаңа кен орны анықталды. Жалпы қоры 2 жарым млрд тонна. 1992 жылы Қытайдың сол кездегі жетекшісі Дэн Сяопин Таяу Шығыста мұнай болса, бізде сирек металдар бар деген еді. Содан бері Бейжің бар байлықты орнымен ұқсатып, қыруар табысқа кенеліп отыр.
Бүгінде әлем жасыл энергия, жаңа технология, жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Ал бұл жаңашылдықты игеруге мұнай емес, сирек металдар керек.
Демек қай ел сирек металға ие болса, жаңа технологияның болашағы соның қолында болмақ.