Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасады деп күдіктелген Ернар Жиенбайдың жұбайы мәлімдеме жасап, болған оқиғаға түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға жайлы Луиза Алданова өзінің Instagram парақшасында 27 мамырда жазба қалдырды.

Оның сөзінше, өткен ай оның отбасы үшін сынаққа толы болды. Ол осы қиын кезеңде отбасына қолдау көрсетіп, уайымдап, дұға тілеп жүрген барлық жанашыр жандарға алғысын білдірді.

"Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз. Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен...",- деп жазды Алданова.

Сондай-ақ, ол осы іске өзінің қатысы бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды.

"Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық". Луиза Алданова

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Luiza Aldanova (@luiza_aldanova)

2025 жылы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қалалық әкімдік ғимаратының жанында қарулы шабуыл жасалып, ол оқтан жараланып, бірнеше рет оқ тиген. Ауруханаға түскен соң шенеунікке шұғыл ота жасалды. 23 сәуірде Шымкент әкімдігі оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.