Франция патшайымы Мария-Антуанеттадан оның қызына мұра ретінде қалған деген болжам бар ірі қызғылт гауһар тас осы жылдың маусым айында Нью-Йоркте аукционға шығарылмақ , деп хабарлайды Zakon.kz.

CBS дерегі бойынша, салмағы 10 карат болатын сирек кездесетін бұл гауһар тас сақинаға орнатылған және оны зергер Джоэл Артур Розенталь жасаған. Ол 17 маусым күні Christie’s аукцион үйінің Рокфеллер орталығында өтетін "Magnificent Jewels" ("Ғажайып асыл тастар") атты ірі аукционда сатылымға шығарылады.

Аукцион үйінің мәліметінше, зымыран пішіндес бұл асыл тас XVIII ғасырдың ортасына жатады және бір кездері Антуанеттаның қызы – Мария-Тереза герцогинясына тиесілі болған.

"Патшалық аңыздарға сүйенсек, патшайым Мария-Антуанетта 1791 жылы Парижден қашуға әрекеттенер алдында өзінің ең қымбат қазыналарын бір күні қайтарып аламын деген үмітпен, адал шаштаразына тапсырған", – делінген Christie’s аукцион үйінің баспасөз хабарламасында.

Алайда бұл орындалмай, асыл тастар Мария-Терезеге өткен. Қызғылт гауһар тас осы мұраның бір бөлігі болған. Кейін ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп, 1996 жылы Женевада өткен аукционда сатылған.

Christie’s аукцион үйінің халықаралық зергерлік бөлімінің жетекшісі Рахул Кадакия бұл асыл тасты "нағыз ерекше гауһар тас" деп атады.

"Бұл XVIII ғасырдан қалған, Голконда (Үндістан) кен орындарынан шыққан болуы мүмкін сирек күлгін-қызғылт гауһар тас", – деді Кадакия.

Аукционда бұл тас 3–5 миллион доллар аралығында сатылады деп күтілуде.