Сондай-ақ, ол иппотерапияны ТММК және МӘМС пакетіне енгізу туралы бастама көтерді.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдап, Қазақстанда жылқы шаруашылығын ретке келтіруді сұрады. Бұл ретте ол жас ұрпақ арасында жылқы мәдениетін насихаттауға ерекше тоқталды. Оның ұсынысы бойынша, мектеп бағдарламасына жылқының анатомиясы, күтімі, ерекше қасиеттері жайлы арнайы модуль енгізу, ал Колледждер мен жоғары оқу орындарында арнайы бөлімдер ашу, мемлекеттік гранттар бөлу қажет.
"Бүгінде жылқы саны 4,2 миллионға жетті десек те бұл салада қолға алатын бірқатар мәселе бар. Еліміз жыл сайын 160 мың тоннадан астам жылқы етін өндіреді. Алайда бұл мол ресурстың дені өңделмейді, ішкі нарықтың өзінде сату жүйесі реттелмеген. Шетелдерден сапасыз арзан ет импорттауға мәжбүрміз. Бие сүті мен қымыз – жай ғана дәстүрлі сусын емес, денсаулыққа шипасы мол функционалдық тағам. Сондықтан, бие сүтін өңдейтін кәсіпорындар ашып, шетелге экспорттау – маңызды міндет", – деді Аманжол Әлтай.
Оқи отырыңыз: Президент: Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады
Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, ұлттық ат спорты ойындарын этнофестивальдермен үндестіру, ауылдар мен шағын қалаларда клубтық инфрақұрылымды дамыту маңызды екенін айта келе, республикалық көшпенділер ойынын жыл сайын әр өңірде кезекпен өткізуді ұсынды.
"Қазіргі ипподромдардың көбі жаңартуды қажет етеді, кейбір өңірлерде мүлдем жоқ. Осыған байланысты өңірлерінде кемінде бес заманауи ат спорты кешенін салу қажет. Алматыдағы кезінде сатылып кеткен мәдени ескерткіштер тізіміндегі ипподромды қайтадан коммуналдық меншікке қайтаруды сұраймыз. Иппотерапия – ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ғылыми тұрғыда дәлелденген тиімді оңалту әдісі. Зерттеулер көрсеткендей, атқа міну , аутизм, БЦС және басқа да неврологиялық диагноздармен өмір сүретін балалардың қозғалыс координациясын, сөйлеу және эмоциялық дамуын едәуір жақсартады. Осыған байланысты иппотерапияны ТММК және МӘМС пакетіне енгізіп, мамандар даярлап, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан бөлімшелер ашу қажет", – деді депутат.