Ақтөбеде 2025 жылғы 28 мамырда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта екі зейнеткерді өлтіріп, бір әйелді кепілде ұстаған күдіктінің соты басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айыпталушы — Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тумасы Б. Сәрсенбек.

Прокурор Елдар Әбиевтің айтуынша, 40 жастағы жәбірленуші Мира айыпталушымен 2024 жылдың шілде айында Instagram арқылы танысқан. Көп ұзамай екеуі бірге тұра бастаған. Алайда, сол жылдың қазан айынан бастап, әйелдің бұрынғы қарым-қатынастарына байланысты, Сәрсенбек Мираны қызғана бастаған. Екеуара жанжалдар жиілеп, тіпті азаматтың әйелге қол көтерген кездері де болған. Соған қарамастан, қарашада Сәрсенбек Мираның қолын сұрап, оның анасы Зина Шаймағамбетоваға барған. Бұл ұсынысқа анасы: "Қызым өзі шешім қабылдайды", – деп жауап берген. Дегенмен, Мира тұрмысқа шығудан бас тартқан.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, осыдан кейін Сарсенбек Мираға ренжіп, кек алуды ойластырған. 13 қаңтар күні ол қыздың ата-анасының үйіне пышақ және жапсырма салынған жолдорбамен барған. Дәл осы сәтте, Мираның анасы жазғы ас үйден шығып қалған. Ер адамның өзіне қарай суық қарумен келе жатқанын көрген Зина Шаймағамбетова айқайлап, көмек шақыра бастаған.

"Айыпталушы пышақпен зейнеткерге 20-дан астам соққы жасаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, Шаймағамбетованың өкпесі, жүрегі, ішкі ағзалары зақымданған, қолдары мен мойын тұсында көптеген жарақаттар анықталған", – деп келтіреді прокурор Елдар Әбиевтің сөзін Aktobetimes.

Кейін айыпталушы марқұмды жертөлеге тастап кеткен. Біраз уақыттан соң Мира анасын іздеп, жазғы асүйге кірген. Сол жерде ол Сарсенбекті көрген. Ер адам Мираның ауызын жауып, "айқайлама" деп ескертіп, қол-аяғын жапсырмамен байлап, ұрып-соғуға кіріскен.

Сол уақытта Мираның өгей әкесі Байғани Әлиев кіріп келген. Прокурордың айтуынша, көрген көріністен шошып кеткен қария орындыққа отырып қалған. Осы сәтті пайдаланған Сарсенбек оған бірнеше рет пышақ сұғып, кейін шкафтан балта алып, оның басынан бірнеше рет ұрған. Мұның бәрі Мираның көз алдында болған. Бір сәтте әйел босап шығып, өгей әкесін қорғауға ұмтылған, бірақ айыпталушы оның қолынан ұрып жіберіп, қарияны тағы да ұрып өлтіріп, денесін жертөлеге тастаған.

Мираның кепілде екенін оның 16 жастағы ұлы білген. Әжесінің хабарсыз кеткеніне алаңдаған бозбала асүйге кіріп, Сарсенбекті пышақпен көріп, қашып шығып, полиция шақырған.

Үш сағатқа созылған келіссөзден кейін арнайы жасақ шабуыл жасап, Сарсенбек ұсталды. Өкінішке қарай, 66 жастағы Зина апа ауруханаға жетпей көз жұмды, ал Байғани Әлиев жертөледе өлі күйінде табылған.

Мира сотта бетперде киіп отырды және журналистермен сөйлесуден бас тартты.

Марқұм Байғани Әлиевтің қыздары айыпталушыға ең ауыр жаза беруді талап етуде.

"Біз, әрине, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруді қалаймыз. Мұндай адамдардың өмір сүруге құқығы жоқ деп есептейміз. Біз оны танымаймыз, әкем оның тәрбиелі, жақсы жігіт екенін айтып жүретін. Әкем бұрын Қандыағашта полицияда қызмет еткен, кейін зейнетке шықты. Сәуірде 75 жасқа толып, мерейтойын атап өтпек едік. Ал Зина апа – өте жақсы адам болатын, ашық-жарқын, бізге әрдайым жылы қабақ танытатын…" – деді марқұмның қызы Элеонора Әлиева.

Олар бұл қатыгездікке не себеп болғанын түсіне алмай отыр.

"Қызғаныш дейді… Нақты неден бұлай істегенін өзіміз де естіп білгіміз келеді", – деді Анар Тажмұханова.

Бұған дейін Астанада көршісінің үйінен телефон қолды қылған күдікті ұсталғандығы хабарланған болатын.