2025 жылғы 28 мамырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, бұл құжат Заң жобалау жұмыстарының жоспары мен 2022–2026 жылдарға арналған Қаржы мониторингін дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген.
"Қаржылық қылмыстар елдің экономикалық тұрақтылығының негізіне қауіп төндіреді. Кәсіби жылыстатушылар қылмыстық кірістерін заңдастыру үшін барған сайын күрделі схемаларды қолдануда, бұл біздің жұмысымызды қиындатады. Осыған байланысты заңнаманы жаңа қатерлерге бейімдеп отыру қажет", – деді ол.
Заң жобасымен, ең алдымен, қаржы мониторингі органдарының өкілеттіктерін кеңейту көзделіп отыр.
Атап айтқанда, құжатқа сәйкес Агенттікке коммерциялық емес ұйымдардың күмәнді операцияларын талдау және мониторинг жүргізу міндеті жүктелмек. Бұл – олардың қылмыстық кірістерді жылыстату немесе заңсыз әрекеттерді қаржыландыру қаупін анықтау үшін қажет.
"Бұл бізге қауіптерге жедел әрекет етуге және қаржылық қылмыстардың алдын, олар жоспарланған кезеңде алуға мүмкіндік береді", – деді Елемесов.
Заң жобасына сәйкес, байланыс операторлары мен "Азаматтарға арналған үкіметті" қаржылық мониторинг субъектілерінің тізіміне енгізу ұсынылады.
Сәйкесінше, байланыс операторлары – ұялы балансқа толтырулар туралы, ал "Азаматтарға арналған үкімет" – құны 50 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікпен жасалған мәмілелер туралы ақпарат береді, бұл нотариустардағы мәмілелер тәртібімен бірдей болады.
"Бұл құралдар күмәнді операцияларды тиімдірек анықтап, алдын алуға көмектеседі", – деп атап өтті агенттік басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, қауіптерді бағалау жүйесін екі деңгейге бөлу ұсынылады: ұлттық деңгейде бағалауды Қаржы мониторингі агенттігі жүргізсе, салалық бағалауды мемлекеттік органдар әр үш жыл сайын жүргізетін болады.
Тағы бір жаңалық – жекелеген операциялар бойынша шекті сомаларды қайта қарау. Мысалы, мәдени құндылықтарды қолма-қол түрде сатып алу/сату, сондай-ақ оларды Қазақстанға әкелу немесе Қазақстаннан әкету операцияларының шегі 45 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төмендетіледі. Сонымен қатар, сомасы 5 миллион теңгеден асатын цифрлық активтермен операциялар да қаржылық мониторингке жататын болады.