Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 29 мамырда Астана халықаралық форумының (AIF) пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде орта державалардың рөлі туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент біздің алдымызда тұрған қауіптер сөзсіз трансұлттық сипатқа ие екенін атап өтті.
"Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс. Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс." Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент осы жылдың соңында Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығын тойлайтынымызды еске салды.
"1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды". Президент
Мемлекет басшысы миллиардтаған адамдарға қатысты маңызды шешімдерді санаулы елдер ғана қабылдамауы керек деп санайды.
"Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды. БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс. Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз". Мемлекет басшысы
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи қақтығыстар барған сайын ұзаққа созылып, күрделене түсуде деп мәлімдеді.