Ішкі істер министрі Ержан Саденов Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Азизбен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Meta — Facebook, Instagram және WhatsApp сияқты танымал платформаларға иелік ететін әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі.

Цифрлық коммуникациялардың қарқынды өсуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанмен, екінші жағынан қылмыскерлердің құралына айналуда.

Диалог барысында алаяқтық схемаларда әлеуметтік платформаларды пайдалану, есірткі сату, порнографияны тарату және басқа да заңсыз ақпарат жариялау сияқты цифрлық ортаның заманауи сын-қатерлері талқыланды.

ІІМ басшысы мұндай мазмұнды жарияланымдарды тез бұғаттаудың және платформа әкімшілігімен өзара іс-қимылдың тікелей арналарын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Тікелей байланыс арнасы мен бірлескен жұмыс тобын құру және пайдаланушылардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағартушылық науқандарды бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.