Жекеменшік мектептерді қаржыландыру жаңа деңгейге шықты.


Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда небары 7 920 мектеп қана қалды. Салыстырсақ, ғасыр басында, 2001 жылы елде 8 408 мектеп болған еді. Содан бері жаңа білім ұйымдарының салынғанына қарамастан, апаттық ескілерінің істен шығуына байланысты саны тоқтаусыз азайып келеді.

Бұл ретте 18 жасқа дейінгі балалар саны 2001 жылғы 4 миллион 963 мыңнан бүгінде 7 миллионнан астамға дейін өсті. Салдарынан республикада мектеп тапшылығы күн тәртібінде күйіп тұр.

Мемлекетке бұл істе бизнес көмекке келген еді. Қазіргі кезде Қазақстанда 800-ден астам жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 250 мыңнан астам бала білім алуда.

Жекеменшік мектептер мемлекеттік сектордағы орын тапшылығын азайтып, елдің білім инфрақұрылымын толықтыруда маңызды рөл атқаруда. Олардың саны бұдан да көп болатын еді, бірақ шенеуніктер түрлі тосқауыл қойып, кедергі жасап жатқан көрінеді. Содан жеке мектептер құрылысы бүгінде тоқырапты.

Жеке мектептерді ашу бойынша нағыз дүмпуі 2021 жылы тіркелді. Бала басына шаққандағы қаржыландырудың ендірілуіне және мемлекеттік тапсырыстың орналастырылуына байланысты сол жылы бірден 170-ке жуық жекеменшік білім ордасы есігін ашқан. 2019–2021 жылдары жалпы саны 94 696 оқушылық орынға арналған 287 жеке мектеп іске қосылды.

Сол кезде мемлекет қалталы азаматтардың жеке мектептерді салуға жұмсалған шығыстарын да өтеп берді. Соның арқасында оқушыға шектен тыс толған мемлекеттік мектептер біраз жеңілдеп қалды. Білім ордалары арасында әрбір бала үшін бәсекелестік қызды. Бұл үшін олар білім сапасын көтеруге, ең жақсы педагогтерді тартуға тырысты.

Кейінгі жылдары бюджеттің алапат тапшылыққа тап болуына байланысты Үкімет жеке мектептердің құрылысын ынталандырудан аяқ тартты. Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдиновтың түсіндіруінше, нысаналы трансферттер түрінде қаржыландыру функциясы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге берілгелі сала жағдайы нашарлаған. Өңірлерде шетсіз-шексіз бюрократиялық кідірістер, кассалық алшақтықтар, төлемдердің біркелкі емес, әрқилы болуы байқалуда.

"Бұған дейін мемлекет жекеменшік инвесторлардың мектеп құрылысына жұмсаған шығынын 8 жыл ішінде өтеуге міндеттенген еді. Алайда жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобасында бұл механизм алынып тасталды. Бұл инвесторлар мен кәсіпкерлердің орынды алаңдаушылығын туғызуда. Көптеген бизнесмен осы уәдеге сеніп, мектептер салды, ол нысанының мақсатты пайдалану түрін 25 жыл бойы өзгертпеуге келісімшарт жасасты. Енді инвестицияның қайтарылмау және банктер алдындағы қарыздардың өсу қаупі туындады", – деді Олжас Елтайұлы.

Мәжілісменнің мәліметінше, салаға жауапты "Қаржы орталығы" АҚ-ның 2025 жылғы 3 қазандағы хаттамалық шешімі қосымша қиындықтар туғызыпты. Ол не шешім? Оған сәйкес, жекеменшік мектептерді қаржыландыру әу бастағы жобалық қуаты шегінде ғана жүзеге асырылатын болады.

Бұл шешім, депутаттың пайымдауынша, оқу жылы басталып кеткеннен кейін қабылданды. Яғни, бұл кезде барлық келісімшарт бекітіліп, балалар әр мектеп бойынша Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) енгізіліп қойған болатын.

Сондықтан ғимаратын қайта құрылымдап, жаңа сыныптық бөлмелер ашып, қосымша оқушыларды алып қойған жеке мектептер сазға отырыпты. Олар үшін қаржы берілмеуі мүмкін, қаржыландырмайды екен деп, ол балаларды далаға шығарып тастауға заңды негізі жоқ.

Ал, мемлекеттік мектептерде оларды қабылдауға орын жетпейді. Бұл жағдай оқу процесінің үздіксіздігіне және балалардың білім алу құқығына нақты қауіп төндіруде. Сондықтан төменгі палатадағы "Ақ жол" фракциясының депутаттары жаңа Оқу-ағарту министрінен "Қаржы орталығы" АҚ-ының 2025 жылғы 3 қазандағы хаттамалық шешімінің жобалық қуат бойынша шектеуін ағымдағы оқу жылы аяқталғанша тоқтата тұруды сұрады.

Бұған қоса, инвесторларды ынталандыру үшін жобалық қуаты емес, оқып жатқан оқушылардың нақты контингенті негізінде толық әрі уақтылы қаржыландыруды талап етті. Депутаттардың мәселе көтеріп жүгінгеніне екі аптадай уақыт өтсе де, жаңа білім министрі Жұлдыз Сүлейменова үнсіз қалып отырған көрінеді.

"Салдарынан, қараша және желтоқсан айларындағы төлемдер қазан айындағы көлем бойынша есептелуде, яғни, нақты оқушылар саны тағы да ескерілмейді. Мұндай тәсіл билік жариялаған "ақша – оқушының артынан жүреді" қағидатына қайшы келеді! 2025 жылы ата-аналар төлемінің шекті мөлшері 250 АЕК болып белгіленді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1000–1200 АЕК аралығында болған. Осылайша, бұл көрсеткіш 4 есеге қысқарды, сондықтан кәсіпкерлердің әбден мазасы кетті", – дейді мәжілісмен Олжас Нұралдинов.

Кәсіпкерлер мемлекеттің қаржыландыруды бұлайша құлдыратуына негіз жоқ деп санайды. Олар мемлекеттің тікелей рұқсат етуімен монополистер 2022–2025 жылдары коммуналдық қызметтердің құнын екі еседен астам өсіргенін еске салды. Үкіметтің өзі салық жүктемесін арттырды. Парламент жаңа Салық кодексін қабылдап, 2026 жылдан бастап алым-салықты күрт ұлғайтуда.

Бұдан өзге, еңбекақы қоры да, ағымдағы шығындар да елеулі көбейді. Бұл жекеменшік мектептер мен жеке балабақшалардың қаржылық тұрақтылығына және балаларға сапалы жағдай жасау мүмкіндігіне қауіп төндіріп тұрған көрінеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы ІІІ-ші тоқсанда жекеменшік университеттер, колледждер, мектептер мен балабақшалар жалпы көлемі 295 миллиард 79,1 миллион теңге кіріске кенеліпті. Оның ішінде 144 млрд 977,9 млн теңгесін – мемлекет бюджеттен аударған.

Тағы 124 млрд 567,7 млн теңгесін оқушылардың ата-анасынан жинапты. "Қаржы орталығының" мәліметінше, жеке білім беру ұйымдарының қожайындарында баланың мектепте болу жағдайларын жақсарта түсу мақсатында ата-аналардан қосымша төлем жинауға құқығы бар. 25 млрд 533,4 млн теңгені оларға қайырымдылық көмек және басқа мақсаттарда түрлі компаниялар құйған екен.

Мұнда жеке мектептер "бастауыш білім беру саласындағы қызметтері" үшін биылғы ІІІ-ші тоқсанда мемлекеттен және ата-аналардан 11 млрд 204,1 млн теңге, "негізгі және жалпы орта білім беру саласындағы қызметтері" үшін 30 млрд 157,5 млн теңге алды.

Еліміздің бас қаржыгері жеке мектептер қаржыдан тарығып отырмағанына сенімді. Биылғы жылы олардың арасында 135 миллиардтай теңге таратылыпты. Кейбірі "бюджеттік" оқушыларды аз алған екен, тиісінше, оларға берілетін бюджеттік қаражат кемітілген.

"2025 жылға арналған республикалық бюджетте Оқу-ағарту министрлігіне мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік орта білім беру ұйымдарында орналастыруға 136,6 млрд теңге сомасында қаржы берілді. 2025 жылғы қарашадағы жағдай бойынша кассалық атқару, яғни, игерілгені – 134,5 млрд теңге. Бұл осы кезеңге арналған төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының 98,5%-ын құрайды", – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Оның мәліметінше, 2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға арналған шығыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Осы мақсатта өңірлерге сол ақша "ағымдағы нысаналы трансферттер" түрінде берілді.

Министр республикалық бюджеттен бөлінген осы қаражатпен шектелмей, жергілікті әкімдіктер жергілікті бюджеттен де жеке мектептерді қосымша қаржыландыруға құқылы екенін ескертті. Осы арқылы әкімдер "мемлекеттік мектептерден жеке мектептерге ауысқан балаларды оқытуды қаржыландырмау тәуекелдерін жоя алады".

Мәди Такиев Үкімет басшысының 2025 жылғы 15 ақпандағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға биыл жергілікті бюджеттер есебінен мемлекеттік білім беру тапсырыстары орналастырылған жекеменшік мектептерді қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылғанын еске салды.

Бертінде, 2025 жылғы 3 қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов осы мәселеге қайта оралып соғып, әкімдіктерге "мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орындайтын жеке мектептерді жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 күндік мерзімде қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ету" жөнінде хаттамалық тапсырма жүктеді.

Қаржы министрі Мәди Такиев білім саласына жауапты әріптестеріне өкпелі. Оның дерегінше, Оқу-ағарту экс-министрі Ғани Бейсембаевтың командасы бұл іске салақтық пен селқостық танытыпты. Қазіргі министр Жұлдыз Сүлейменованың ұжымы да асығар емес.

Нақтылағанда, тікелей Үкімет басшысының тапсырмасы болғанына қарамастан, Оқу-ағарту министрлігі қолданыстағы "Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге тапсырысын орналастырудың кейбір мәселелері туралы" Оқу-ағарту министрінің қолданыстағы бұйрығына түзетулер енгізетін жаңа бұйрығының жобасын асықпай, Қаржы министрлігіне тек 2025 жылғы 29 шілдеде енгізіпті.

Тәкиевтің командасы оған қатысты ескертулерін тездетіп дайындап, 2025 жылы 4 тамызда жіберіп қойған.

"Біздің министрліктің келісуіне сол бұйрықтың пысықталған жобасы әлі күнге енгізілмеді! Сондай-ақ "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заңында Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға жалпы сомасы 760,3 млрд теңге сұратты", – дейді бас қаржыгер.

Оның ішінде 2026 жылға – 248,1 млрд, 2027 жылға – 253,6 млрд, 2028 жылға – 258,6 млрд теңге шығыс мәлімдеді. Яғни, жеке мектептердің алдағы жылдары мемлекеттен алатын ақшасы күрт артатын түрі бар.

Осы қаражат аясында "Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне" сәйкес амортизациялық компонентті төлеуге 171,1 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген. Оның арасында 2026 жылға – 54,3 млрд теңге, 2027 жылға – 57 млрд теңге, 2028 жылға – 59,8 млрд теңге беріледі.