2026 жылғы 14 мамырда Сенаттағы брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға арналған жеткіліктілік шегін көтеру жоспарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Ол жеткіліктілік шегі міндетті түрде көтерілетінін растады.
"Қазір біз тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен кеңесулер өтуде. Қаншалықты деңгейге көтерілетінін әзірге нақты айта алмаймын. Шешім қабылданған кезде бұл туралы міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлаймыз. Мұның не үшін жасалып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Біздің мақсатымыз – азаматтарды қартайғанда лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Логикасы қарапайым", – деді ол.
Сонымен қатар, ол нақты қанша пайызға өсетіні мен нақты мерзімін әзірге айта алмады. Бірақ жеткіліктілік шегі 2026 жылдың өзінде көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Қазір нақты қанша пайызға өсетінін айта алмаймын. Бірақ адамның қартайғанда жеткілікті әрі қолжетімді зейнетақы алуы үшін жұмыс істейміз. Мамыр айының соңына қарай белгілі бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Биыл көтерілуі мүмкін бе? Иә, мүмкін", – деп қосты вице-министр.
Бұған дейін Қарағанды облысында есірткі сайттарын жарнамалаған күдікті ұсталғанын жазғанбыз.