Жоғары аудиторлық палата зейнетақы және әлеуметтік төлем жүйелеріне жүргізген мемлекеттік аудит қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Оның қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды.
Аудит қорытындыларына сәйкес елімізде жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны да, төлемдер сомасы да артып келеді. Соңғы 5 жылда орташа ынтымақты зейнетақы 37 пайыз, орташа базалық зейнетақы 45 пайыз, Зейнетақы қорынан төленетін орташа зейнетақы 25 пайызға өсті. Мемлекеттік жәрдемақылардың орташа мөлшері 58 пайыз, ал Әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер 2,5 есе өскен.
Сонымен қатар аудиторлар зейнетақы алушылар туралы ақпарат алмасу мәселелері бойынша халықаралық келісімдер жасасу қажет екенін ескерткен. Бұл Қазақстанда және азаматтығы бойынша тұрған жерінде қосарланған төлем төлеу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.
Аудиторлар жүктілік және босану бойынша көп төлемдер алу үшін кіріс деңгейі мен жұмыс орындарының санын жасанды түрде көбейтіп көрсету фактілерін де анықтады. Кейбір жағдайда аударымдар бір мезгілде 3-10 жұмыс орнынан түсіп отырған, ал 169 адам 16-дан астам ұйымда есепте тұрған. Мұндай фактілердің алдын алу үшін нормативтік базаны пысықтау қажет.
Сонымен қатар Әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сенімгерлік басқарудан шамадан тыс алу фактілері тіркелген. Бұл 216 млрд теңгеден астам сомаға тең активтерді тиімсіз пайдалануға әкеп соқты.
Әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшері туралы норманың болмауы, сондай-ақ төлем алушылардың табысын растауда мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі шамамен 96 млрд теңге Әлеуметтік сақтандыру қоры активтерінің жоғалуына әкелді.
Қайтыс болғандар, тұрақты тұруға кетуге рұқсат алғандар, консулдық есепке алынғандар және т.б. туралы мәлімет алу мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияның болмауы зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерінің тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселе пысықтауды талап етеді.
Алдағы жоспарлы кезеңде зейнетақы мен жәрдемақы алушылар санын жоспарлаудың келісілген әдістемесі де қажет, бұл бюджетті қалыптастыру және оны атқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Аудит қорытындысы бойынша 5 млн теңгеге қаржыға қатысты бұзушылық, 216,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
Сондай-ақ 46 жүйелі кемшілік анықталды, 22 материал әкімшілік жауаптылықты қарау үшін берілді, 2 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз