Түркия Орталық Азияны ресми түрде «Түркістан» деп атай бастады. Бұл өзгеріс алдымен білім беру саласына енгізілді.
Енді мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламаларында «Орталық Азия» термині қолданылмайды. Оның орнына тарихи атау – «Түркістан» бекітілді. Бұл қадамның географиялық һәм тарихи мәні неде?
Түркі әлемінің тарихы ортақ, тамыры терең. Сол себепті «Түркістан» атауы белгілі бір өңірдің ғана емес, тұтас түркі халықтарының ортақ тарихи кеңістігінің смиволы саналады. Бұл термин географиялық ұғымнан бұрын, өркениеттік атау ретінде қалыптасқан, — дейді ұлттық білім министрі Юсуф Текин.
Юсуф Текин, Түркияның ұлттық білім министрі:
- Біз «Орталық Азия» ұғымын білім беру бағдарламасынан алып, оның орнына «Түркістан» атауын енгіздік. 2024-2025 оқу жылынан бастап оқу бағдарламалары жаңа атаумен қайта бекітілді. Бұл – тарихи атауды қайтару және түркі әлемінің тұтастығын күшейту үшін жасалған маңызды қадам.
Тарихшылардың айтуынша, «Түркістан» түркі халықтары өмір сүрген аймақтың көне жағрапиялық атауы. Бұл сөз VI ғасырдан бастап парсы және иран жазбаларында кездеседі. «Түріктердің мекені» деген мағына береді. Кеңес өкіметі кезеңінде бұл термин біртіндеп ығыстырылып, оның орнын «Орталық Азия» термині басқан болатын. Қазір «Түркістан» атауы қайта жаңғырып, білім беру ғана емес, саясат, тарих, мәдениет салаларында да қолданылып жүр.
Абдуллах Гүндогду, тарихшы, профессор:
- «Түркістан» атауы Батыс және орыс тарихи әдебиеттерінде қолданылды. Алайда 1927 жылдан кейін Кеңес тарихнамасы ортақ түрік тарихын ұмыттыру үшін географиялық не аймақтық атауларды алға тартты. Сол кезден бастап «Орта Азия», «Орталық Азия», «Ішкі Азия» сияқты атаулар қолданылды. 2019 жылы «Түркі кеңесінің» атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгертілген соң, бұл атау ресми түрде мектеп оқулықтарында қолданыла бастады. Қазір «Түркістан» атауы «Орталық Азия» терминімен қатар қолданылуда.
Ал елімізде «Түркістан» оңтүстіктегі қала атауы ретінде белгілі. Бірақ тарихшылар бұл сөздің мағынасы әлдеқайда терең екенін алға тартады. XIX-XX ғасырларда түркі елдерінің зиялылары тұтас аймақты «Түркістан» деп атаған.
Абдуллах Гүндогду, тарихшы, профессор:
- Бұл атауды тек Түркия ғана емес, Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдердің зиялылары тарихи мағынада қолданған. Кеңес кезінен бұрын, Мұстафа Шоқайдан бастап басқа да Алаш зиялылары бұл ұғымды кеңінен пайдаланды. Алайда екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Түркістан атауы ресми қолданыстан шығып қалды. Бүгінде түркі мемлекеттері нығайып, өзара ынтымақтастығы күшейген тұста ортақ тарих пен мәдениетке негізделген «Түркістан» атауы қайта жаңғырып отыр.
Министрліктің айтуынша, мұндай өзгеріс идеологиялық және мәдени тұрғыдан маңызды. Жас ұрпаққа ортақ тарихты дұрыс жеткізіп, түркі халықтарының байланысын тереңдету үшін қажет. Ал сарапшылардың пікірінше, Түркияда басталған бұл терминологиялық түзету түркі әлемінде жаңа кезеңнің басталуына жол ашады.
Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков