Апта басында Үкімет келер жылы еліміздің оңтүстігінде үш өңір – Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысында су тапшылығы болатынын алдын ала ашық мойындады.
Дегенмен мәселе бұнымен бітпейді, Қазақстан аумағындағы өзен көлдердің су сапасы да нашарлап кеткен, яғни, ахуал одан әрі ушығып отыр.
Су тапшылығының басты себебі – көрші елдерден келетін су көлемінің азаюы болып тұр. Алайда соның алдында ғана Орталық Азия климаттық қорының (CACF) сарапшылары Қазақстандағы су сапасын талдап, нәтижесінде республикадағы 19 өзеннің қатты ластанып кеткенін мәлімдеді. Қазақстанда бар болғаны 4 су нысанының су сапасы өте жақсы.
Зерттеу авторлары Қазақстанда 85 мыңнан астам өзен мен 48,2 мыңнан аса көл бар болғанына қарамастан, елде сапалы су тапшы екенін мәлімдеген. Яғни, су тапшылығы деген емес, сапалы су тапшылығы деген екінші проблема бар.
Елдің су ресурстарының негізгі көлемін орташа жылдық мөлшері 101 км³ болатын жерүсті сулары қамтамасыз етеді. Оның 56%-ы жергілікті жерде қалыптасса, қалған 44%-ы көршілес мемлекеттерден келетін трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасады.
Қордың сарапшылары биылғы 9 айда "Қазгидромет" РМК бақылауларын алып, 133 су нысанындағы 372 гидрохимиялық қорытындыны талдаған. Нәтижесінде Қазақстанның жерүсті сулары тұзды және биогенді құрамдармен, органикалық қосылыстармен, ауыр металдармен, фенолдармен және қалқымалы заттармен ластанғанын анықтады.
– Бұл көрсеткіштер бойынша рұқсат етілген нормативтердің асуы табиғи-климаттық және антропогендік факторлармен, тарихи ластанулармен, түрлі шаруашылық бағытындағы кәсіпорындардың ағынды суларды төгуімен байланысты, – делінген CACF талдауында.
Пайдалануға жарайтын, бірінші сыныптағы өте жақсы су сапасы төрт су нысанында тіркелген айттық. Олар Ақсу (Түркістан облысы), Арасан, Бетбұлақ өзені мен Астанин су қоймасында ғана.
Екінші сыныптағы жақсы су сапасы Түрген өзенінде байқалған. Ол балық өсіруге, рекреацияға, суаруға, өнеркәсіпке қолайлы, бірақ шаруашылық-ауыз су ретінде пайдалану үшін қарапайым су дайындау әдістерін қажет етеді.
Үшінші сыныптағы орташа ластанған деп танылғаны 52 су нысанында тіркелген, олардың қатарына Жайық, Сырдария, Талас, Шу, Ембі, Бұқтырма, Кіші және Үлкен Алматы өзендері, Есентай, Іле, Шілік, Есік, Қаскелең, Талғар, Қаратал, сондай-ақ Қапшағай су қоймасы кіреді. Мұндай суды шаруашылық-ауыз су ретінде пайдалану үшін біршама тазарту керек.
Ал төртінші сыныптағы ластанған су 23 су нысанында. Ембі, Ертіс, Ілек, Қарғалы өзендерінде және Сергеев, Тасөткел, Шортанды су қоймаларында тіркелген. Өте ластанған су 9 нысанда байқалған, оның ішінде Қара Ертіс, Торғай, Қара Кеңгір, Самарқан және Қаратомар су қоймалары бар.
Өте қатты ластанған су республикадағы 19 өзенде анықталған, олардың қатарында Аягөз, Үржар, Кіші Қарақожа, Тобыл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ бар.
Бір қарағанда реттілік бар секілді, алайда 4 сыныптағы судан бастап ішуге келмейтінін, тек суару мен өнеркәсіпке жарамды екенін ескерген жөн. Сондықтан елдегі ірі су көздерінің басым бөлігі ластанып кетті деуіміз себепсіз емес. Судың өзі бар да, сапа мәселесі тағы бар.